АҚШАҒАЛА
(Г.А-ға)
Қанатың ай жаңа туған
Бақ құсымдай сен менің.
Ақ көңілден жаратылған,
Ақ тілегім сен бе едің.
Əлде ақынның жырымысың
Арман еткен қызыққаннан.
Ақ тұңғиық гүлімісің
Аспанға ұшып қызықтаған.
Құлдап ұшқан,
Өрлеп ұшқан
Неткен ғажап сағым ең.
Ақ толқыннан бүрлеп ұшқан
Теңіз жапырағы ма ең.
Судың сұлу періштесі
Сымбатты ғып жаратқан.
Сағым құсым
бері келші,
Саған күміс жалатқан.
Сұңқар қанат,
Сұқсыр аяқ,
Еркесісің теңіз, көктің,
«Өңім тұрмақ, түсімде де»
Өліп-өшіп сені іздедім.
Жарқылдайды күн шуағы
Сенің тұла бойыңнан.
Көңіл шіркін құлшынады
Саған ауып бой ұрған.
Ақ көгершін ұшқанменен,
Толқынға ол қонбайды.
Толқындарды құшқанменен,
Жайлы қоныс болмайды.
Аққулар да,
Ақ тырна да
Теңізге кеп қонбайды.
Жасыл көлдей бақ тұрғанда
Жайлы қоныс болмайды.
Аспан дайын сен ұшсаң
Беу, теңіздің жақұты.
Еркін жайлап кең ұшқан
Қандай құссың бақытты.