БАЛТЫҚТЫҢ ШАҒАЛАСЫ
Қалықтап жаға талды
Қанатын қақты зырлай.
Балтықтың шағаласы
Бақыттың ақ құсындай.
Толқынның арманы боп
Топшыдан күй арылмай.
Айдынды шарлады кеп
Ақынның қиялындай.
Сұңқардың қанатындай
Сұлулық ұялаған.
Жаралған дара тұлға-ай,
Жаныма ұя салған.
Əрі ұшқыр,
Əрі текті,
Айдынды аралайды.
Қоңыр қаз,
қара үйректі
Қомсынып қарамайды.
Ақ гүлдей гүлденген ең
Аяулы, жақсысын-ай!
Теңізде жүргенменен
Көңілдің ақ құсындай.
* * *
Шағала аппақ болып қанат қақса,
Қарға да бірге ұшады қабаттаса.
Шағала тапқанына ортақ болып,
Мəз əйтеу, жағалауда далақтаса.
Шағала шаңқылдаса,
ол қарқылдайды,
Теңізден білетіндей артық жайды.
Шағала қайда барса сонда барып,
Өлермен қылығымен тартынбайды.
Келді оның көрінгісі басым болып,
Тұрғандай көздерінде жасын толып.
Осы сəт қара қарға сырт көздерге,
Кеткендей шағаладан басым болып.
Ол бірде жоққа жомарт,
барға керім,
Осылай болды өзін арда ететін.
Шағала толқындарда жүзген кезде
Сезінді сонда ғана қарға екенін.
Пəктігім ақ шағала айдын толған,
Қалықтап өсіп-өніп сайлы болған.
Қарғадай адамдардың топастығы
Көңілге қасіретті қайғы болған.
* * *
Күнге күйіп жатыр ем құм жастанып,
Жазар ойға бөленіп тың дастан ғып.
Таяу келіп жайласты бір перизат,
Мынау жарық əлемнен қымбат барлық.
Сұлу мүше қоладан құйылғандай,
Католиктер құдай ғып сиынғандай.
Көз жасқаншақ,
Айтуға тіл ұялшақ,
Бар сұлулық бір соған жиылғандай.
Бір ыстыққа бір ыстық қосылысты,
Қаным ойнап денемде жосылысты.
Жүрегімді ақырын сипай бердім,
Сақтай гөр деп құдайым
осы тұсты.
Қалдым сөйтіп отында екі күннің,
Жата берсем жанатын секілдімін.
Əлі апат асқынбай тұрғанында,
Əлгі жерден ақырын кетіп тындым.