ТЕҢІЗ ДАУЫЛЫ
Дауыл тұрды теңізге.
Шағалалар
Алысқа ұшты.
Мұнда үлкен мағына бар.
Жұдырығы толқынның дөп тигеннен
Есеңгіреп тұрғандай жағада жар.
Көрінбейді қаптаған шағалалар.
Дауыл тұрды.
Аспанға күміс шашқан.
Екпініне шыдамас тыныстап жан.
Балқып жатқан қорғасын сияқтанып
Бағанағы əзірде тыныш жатқан.
Қазір міне, ақ бурыл күміс шашқан.
Буырқанған толқындар бұлтқа қарғып,
Көрінеді үрей боп жұртқа барлық.
Кемелерді көрмейді кесек тастай,
Лақтырады.
Түсердей сыртқа барып...
Бурыл толқын жеткендей бұлтқа барып.
Мейірімсіз қарашы, теңіз заңын
Шығарғандай іштегі ең ызғарын.
Халі қандай болды екен
мұндай сəтте
Жылауықтай қаптаған медузаның.
Айтыңдаршы, білгендер теңіз заңын?
Балық біткен теңізге бауыр басты,
Теңіз түбі лайсаң ауырласты.
Жатқан жері қопсыған янтарь тасын.
Жағажайға лақтырып дауыл шашты.
Дауылдан соң алыңдар, ауыл жасы.
Саваннадан үріккен аңдар көшіп,
Тас үгіліп жатқандай таулар көшіп.
Мүйізіндей бұланның тарамдалған
Мың толқынды бір толқын аударды өстіп,
Таулар көшіп жатқандай, таулар көшіп.
Түндіктей толқындардың көші ме екен,
Осыншалық тасыған көсіле кең.
Болатұғын теңіздің тоғыз балы,
Айвазовский көргені осы ма екен?!
* * *
Жағасында Балтықтың əн айтамын,
Атып жатыр жарқырап талай таңым.
Өз тілегімде ұя сап өзегіме,
Бір адам жоқ, дейтұғын «қалай халің».
Жағасында Балтықтың əн айтамын,
Тез өткенін білмеймін қалайша күн?!
Туған тілде сөйлеуді сағынғаннан
Тура қазақ тілінде ғана айтамын.
Сенсіз мына əлемнен жалығамын,
Бүлкілдеткен бүйректі жаным, əнім.
Коклесін1 латыштар шерткен кезде,
Домбырамды еске алып сағынамын.
Əн айтпасам өмірден жалығамын,
Ұялайды құс болып жаныма мұң.
Кең даламның самалын жұтқандаймын,
Айтқан кезде қазақтың халық əнін.
Балтық теңізі жағасында, 1989 ж.
1 Кокле – латыш халқының шертіп ойнайтын музыка аспабы.