14.02.2022
  176


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ТЕҢІЗГЕ ТІЛЕК

Оу, Теңіз!
Теңіз, теңіз…
Толқышы сен!
Толқымай жатсаң егер олқы мүшем.
Ауаңнан ем қонбайды онда маған,
Ауырам өмір бойы қорқынышпен.
Оу, Теңіз!
Теңіз, теңіз…
Толқышы сен!
Бойыңа шалқар толқын шақырамын,
Биікке, тереңдікке шақыратын.
Кемені қайықтайын тербетпесең,
Тегінде
Теңіз деген атыңа сын.
Жатады толқындарда алып екпін,
Жасымнан мықтылықты танып өстім.
Күткені көңілімнің осы менің,
Көк толқын көп толқынды жарып өткен.
 Оу, Теңіз!
Теңіз, теңіз…
Толқышы сен
Толқымай қалсаң егер олқы мүшем.
Ауаңнан ем қонбайды онда маған,
Əуре болам мəңгі қорқынышпен.
Оу, Теңіз!
Теңіз, теңіз…
Толқышы сен!
* * *
Көргендей жаңа енесін
Көздеріңде маздайды от.
Жарысып толқын келесің,
Жаңа ұшқан балапандай боп.
Біріңді-бірің қуалап,
Тығырыққа алып жатасың.
Сылдырлап күліп су алап
Сыбанып маржан шашасын.
Қорғасын балқып аққандай
Көріндің тағы жаңара.
Көгілдір қанат таққандай,
Көсіліп жатқан жағаға.
Өзгердің демде бұл қалай?
Шынжырын толқын өресің.
Қоршауда қалған құлжадай
Құйғытып жарды сүзесің.
Тынымсыз аңсап даланы,
Күні мен мейлі, түнімен.
Жабылып толқын жағаны
Жалайсың толқын тілімен.
Демін ап іштей іркіліп,
Таратып жалын ақ мойнақ.
Бүркіттей кейде сілкініп,
Бұп-бұйра толқын жатты ойнап.
 Тебіренген ақын жандайсың
Қол созған биік арманға.
Əйтеуір тыным алмайсың,
Арпалысып арнаңда.





Пікір жазу