14.02.2022
  240


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ЛАТЫШ ЖІГІТІ АЛЬБЕРТПЕН МИНУТАРАЛЫҚ ƏҢГІМЕ

– Ұнады ма жеріміз,
қандай екен?!
– Жаратылған сұлулық жандай екен!
Аспаздардың жасаған тамағы емес,
Арналы өзен суы да балдай екен.
– Дос дегенде ашылып гүлдейсің ғой,
Тұрағымды пырақ қып іздейсің ғой.
Орманымыз дəрімен уланғанын,
Былғанғанын Лилефе1
білмейсің ғой.
Жерлерің кең.
Жетеді айлаң,
Күшің.
 Мұқтажсыздың деді ол, – айғағысың.
– Сол кең жерден Қазаққа пəтер жетпей,
Жүргендігін бұл жігіт қайдан білсін.
Жеріміздің кеңдігі сор болды ғой,
Зымияндық өркеші зор болды ғой.
Еуропаға орнатқан ракетаға,
Азиядағы Сарыөзек қор болды ғой!
Семейім де полигон күн деместен,
«Жұмыс» істеп жатады түн деместен, -
Дегенімде
ақжарқын Альберт досым
Қалды отырып, мұңайып үндеместен.
* * *
Затың латыш!
Атың сенің Инара.
Куаклада шертілетін күй дара.
Амалым не, түсінбеймін тіліңді,
Ақ жүзіңді нұрға бөлеп қинама,
Латыш қызы Инара!
Аунап түскен аспанымнан көк теңбіл,
Жанарың-ай!
Жазғы күндей төккен нұр.
Мынау ұлы бай табиғат жаратқан,
Көздерің-ай!
Көлдеріңдей мөп-мөлдір.
Қандай жаннан қуат алған шаттық ең,
Қандай таңнан шуақ алған ақ гүл ең.
Қарай берем қара көзім талғанша,
Қайтпай қалған оңтүстікке аққу ма ең!
Əлі де аппақ тұңғиықтың гүлі ме ең,
Əлі де айдың бұлтсыз түнгі нұры ма ең.
Жаратылған толқынынан Балтықтың
Су періштелерінің бірі ме ең?!




1 Лилифе – Латыштың суы мол өзен деген сөзі. Қағаз жасау зауытының
химиялық зат қалдықтарынан аталмыш өзенге үлкен зиян келген.





Пікір жазу