14.02.2022
  138


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ЕУРОПА ТҮНІ

Кəдімгі аспан!
Ал қара көк тұңғиық,
Бауыр басқан құшағында түн ұйып.
Жұлдыздар да сол баяғы қалпымен
Жерге қарап желпінеді жымиып.
Жібек желі қанат қақса шарқ ұра,
Жиегіне көлі жатыр талпына.
Аспанына көтерілген
Біз жақтан
Айы дағы өзгеріссіз қалпында.
Өзені көп бөлінбейді қаздан үн,
Ұғам бірақ тылсымдықтан саз барын.
Тап осындай ма екен шіркін,
сонау кез
Тебіреніп Гете өлең жазған түн.
Қаласы да Алматымдай шашқан нұр,
Қуаныштың нышанындай асқан бір.
«Құбыжығы» көрінбейді ешқандай,
Құрлық бөлек болса дағы Аспан бір.
Түнгі поезд шойын жолмен өрлеген,
Таңсық емес.
(Мұны дағы көрген ем).
Бейбіт өмір құшағында қалғыған,
Еуропа түнін келіп көрмеп ем.
Көрдім енді.
Тербеді ой сан ұлы,
Шымырлатып шымқай қызыл қанымды.
Оралмасын қырық бірдің қырсығы,
Бұзылмасын осы түннің қалыбы.





Пікір жазу