14.02.2022
  124


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ТАУАП

СЕГІЗІНШІ ЖЫР
Бұлбұл қонып кеудеме,
Басыма Əн -
Ұя салды.
Мен оны жасыра алман.
Аялаған өзіңді бір балаң ем,
Аруағыңмен қолдадың ғасыр атам.
Орындалып ойымнан игі арманым,
«Құлансаз» деп аталған күй де арнадым.
 Қаршығадай қатайтты қанатымды,
Қасиетімен Жетісу құйған дарын.
Өзің деген асылым жан сазыңда,
Тебіреніп бөлендім қанша мұңға.
Бірге туғандай болдым Абыз ақын,
Болмасам да Жамбыл мен Хан тауында.
Арылмаған ақын ем басым сордан,
Мұқағали, ал бірде Қасым болған.
Көздеріме ортаймас күлкі бердің,
Күңіренген кезімде жасым толған.
Өлеңің де тұмар ғып сөздеріңді,
Өмірімде жинаймын көздеріме əл.
Данагөйім сол шақта жебе мені,
Дарынсыз боп қалатын кездерім бар.
Шашты ағартып тағдырым ондырмаған,
Қанаттары қалтылдап болдырған əн.
Жүзге келген жасыңды сұрамаймын,
Бақыт құсын ұшпастай қондыр маған.





Пікір жазу