ЖАМБЫЛ ЕСКЕРТКІШІ АЛДЫНДА
Талғар шыңын арқаға ап.
Иық сүйеп,
Көрінетін биіктен биіктірек.
Ескерткіші Жамбылдың бой көтерді,
Тартқан күйі секілді сүйікті боп.
Сияқтанып қараймын тірі көрген,
Сырласқандай боламын жырыменен.
Көрінеді ұлы ақын көздеріме,
Халық поэзиясындай іріленген.
Замананың ашылып сұмдық сыры,
Залымдарды жүріппіз күн ғып ұлы.
Бір кездегі Ленин төмендеді,
Биіктеген кезінде шындық шыңы.
Қиналса да түседі жаны егеске,
Ақын деген баһадүр жан емес пе?
Ақын деген адамның ақкөңілі,
Қайран сөзі қор болған коммуниске.
Ақын деген тілегі ұлы кептің,
Сенде талай ғұмырдың мұңын өптің.
Қасиетін арттырып
тұрсың қазір,
Ақындықтың танытып құдіретін.
Енді міне, жатқандай қала жырлап,
Хатшылары жүргендей қаламын ап.
Бұрым келер ме екен деп, бұл көшеге,
Біздің Жəкең отыр ғой қарауылдап.
Келдім өлең оқуға дайындалып,
Ұлылығы тербетіп ойымды алып.
Отыр Жəкем қолға алып домбырасын,
Айкүмістер келер деп дайындалып.
Қартайдым деп қарт жырау қайта тынбай,
Жыр аулына барып бір қайтатындай.
Балғабектей ағадан естіп-біліп,
Барлық жайды толғанып айтатындай.
II
Бір ғасырдың тұлғасын көріп бүгін,
Қандай жырлар жазсам да еріктімін.
Өзіңізге ескерткіш ұқсаған соң,
Тас болса да табынып, келіп тұрмын.
Келіп тұрмын, қарт жырау бөрік киген,
Бір дəн едім жаралған өрік гүлден.
Жарық дүние төрінде домбырамен,
Жан сырымды айтамын, еріп күймен.
Аққу жүзер айдынға үйрек қонды,
Ниетіміз сиырдай бүйректенді.
Сыпайылық сыйымыз – пара болып,
Сөз ұғатын адамдар сиректенді.
Дина да жоқ бұл күнде,
Күлəш та жоқ,
Маңайымыз пайда үшін ұласқан от.
Не боп бара жатырмыз, есейгенде
Ақниеттен аппақ боп гүл ашқан ек.
Мұқаң да жоқ бұл күнде,
Сəбең де жоқ,
Аты қалды олардың əлемде көп.
Ақсақалдар орнында кешегі обком –
Хатшылары деп жүрген «Бəлемге тек»!
Соғып жатыр жан-жақтан дауылымыз,
Жемістерге болды апат жауынымыз.
Қарық болған байлыққа кеше ғана,
Қаңсып жатыр арнадай ауылымыз.
Таланттардың бұл күнде зоры қалып,
Сумақайдың озады жолы барып.
Арманына жеткендей қуанамыз,
Дипломды саудагер болып алып.
Ауызыңа қаратқан бізді бұрын,
Ұлы ақын ең таусылмас ізгілігің.
Басқа емес, жан баба
жасырмаймын,
Қазақтар бар түсінбес Сізді бүгін.
Күнкөріске тастан да таспа тілдік,
Ойымызды отарлап басқа тірлік.
Орысшамен жетпіс жыл оңдырмап ек,
Ағылшынша оқимыз бас қатырып.
Миымызды ашытса азап мұңы,
Жүректерді тербетті азат жыры.
Өз жері мен өз елі тұрса дағы
Өксуменен келеді Қазақ тілі.
Бұл күндерде кеще көп,
өрен азған,
Басшы боп жүр рухани тереңі аз жан.
«Нағыз атым – Халық» деп,
Буырқанып
Осы Тіл ғой, өзіңіз өлең жазған.
Бір ғасырдың тұлғасын көріп бүгін,
Қандай жырлар жазсам да еріктімін.
Тəңірімдей табынып сырымды айтып,
Тас болсаң да қасыңа келіп тұрмын.
Қазір тұрсыз сақталып көзімізде,
Ұялатып ұлы ұғым сөзімізге.
Біз сияқты ақындар біткен күні,
Мəңгілікке өлесіз өзіңіз де.