14.02.2022
  126


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ЖАМБЫЛ КӨШЕСІ

Алматының бүйірінен басталып,
Салтанатпен сəн түзеген жақсарып.
Бір кездегі Басарықты
Жəкеңнің
Өзі келіп жантайғандай жастанып.
Көне ізді асфальтпен өшірген,
Қаракастек жаққа қарай көсілген.
Жамбыл қарттай көшесі де мықты екен,
Көтермейтіндері де жоқ төсімен.
Қарашы анау, қабат-қабат үйлерін,
Үш батыр боп жұп жазбаған түйдегін.
Бұл көшемен жүрер болсам естимін,
Қырғыздағы Мұратəлі күйлерін.
Бұл көшеге келсем жырды өргендей
Болам,
Артпас бұдан артық тер нендей.
 Бұл көшеге келсем болды таңданам,
Манас пенен Көрұғлыны көргендей.
Бұл көшеге келсем жырды өргендей
Болам,
Артпас бұдан артық тер нендей.
Бұл көшеден мəз боламын
Жамбылға
Еркелеген Күлəштарды көргендей.
Бұл көшеде өлең таңы атқандай,
Жырға ғашық жүрегіме от жаққандай.
Қарт жырауға сəлем беруге асығып,
Мұхтар, Сəбит кетіп бара жатқандай.
Ұлы ақынның махаббатын ұққандай,
Болдым көріп сұлуларын сүт маңдай.
Айтбаласын қасына ертіп, майпаңдап
Ғали ағам қарсы алдымнан шыққандай.
Шабыт алам, қуат алам жаныма,
Бір ыстық қан қосылғандай қаныма.
Осы көше арманыма жеткізіп,
Апарардай поэзия Бағына.





Пікір жазу