ЖАЛАЙЫРЛАР
Батыр боп ел қорғаған талай ұл бар,
Батырып бармағымен бал айырар.
Шытырман заманада шыңға өрлеп,
Шығарған қазақ атын Жалайырлар.
Тұншықты тұғырыңда талай үнің,
Құйылып ертіндісі қалайының.
Керейдің ханын сатқан Жалмұқамен
Ешқандай өлшенбейсің,
Жалайырым.
Еңкейіп батса дағы күйіп күнің,
Келеді аласармай биік шыңың.
Таңдаулы тарихыңмен таудай болып,
Талайды таңдандырып биік тұрсың.
Айтамын шындық сөзін сүйіп бүгін,
Мақтаулы тарихтағы сүйікті ұлың.
Ғасырдан ұмытылмай келе жатқан –
Қадырғали
Жалайыр – Биіктігің.
Бір емес, өлең қылып жазайын мың,
Жазбасам тарқамайды аза-мұңым.
Жалайыр жалпақ жатқан ұлы Ата!
Жасарған жайлауы боп қазағымның.
Тарихта талай-талай тұраладың,
(Бір кезде мұңғұл болып ұран-Əнің).
Он екі ата – он екі тарау болған,
Қазақтағы – ең үлкен романым.
20 қыркүйек, 2001. Алматы.