МАХАББАТ МОЛАСЫ
Талай келіп, талай кеттім қасыңнан,
Тарих жазған жырларды оқып тасыңнан.
Арқанаты тасындай боп қаланып,
Сырын ұқтым сұм дүниенің жасырған.
Талай келіп бағышталып құраным,
Жаңбырыңнан жарқабақ боп құладым.
Зұлымдығын елестетіп Жантықтың,
Аягөздің арнасы боп сұладым.
Аязы боп сақылдадым қысыңның,
Уақыттың қысымына қысылдым.
Сағымыңның өкпесі боп желпілдеп,
Сары даланың шілдесі боп ысыдым.
Мына дала тасында да тұнған Əн,
Бізден бұрын Баян сұлу тыңдаған.
Қарабайдың қараулығы қазақта,
Сол Қазақтың ақыны боп мұңданам.
Сен тұрғалы он бес ғасыр болыпты,
Самұрық Құс қонақтаған
Шоқтерек те солыпты.
Айбарынан Ай тіксінген
саған кеп,
Қылыштісті жолбарыстар солықты ...
Аярлықпен арамдықтың жолы боп,
Ал Адалдық шаң қауыпты зорығып.
Көлеңкеңнен Күннің көзі торығып,
Болды талай мақұлықтың жолы ұмыт.
Өтіп жатыр, бір жүйрік бір күннен,
Жүрек шіркін, арманы боп күрсінген.
Куəлік қып кең даласын қазақтың,
Махаббатқа төлқұжат боп тұрсың сен.
Тұр Киелім!
Халық өзі береді Ат!
Керегі жоқ, анау-мынау «делегат».
Кең далама құдіреті өзіңдей,
Керемет бір ұлы Ескерткіш керек-ақ!