13.02.2022
  113


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ҚАРА СҰР АТ

Баллада
Қадірлі əкем Шалқар Барыз рухына
Əлі есімде .
Ес білген кезім еді,
 Қара сұр ат жем іздеп өзі келді.
Атдорбамен жем беріп,
Жатып апам,
Атқа қарап сөйледі өзіне-өзі.
Ана сөзін анықтап,
білгім келді,
Білгім келіп жақындап,
Жүргім келді.
Түсініксіз шұбыртпа
құрһани тіл,
Ықыласты ойымды бүлдіргені.
Ұға алмадым.
Түкті де түсінбедім,
Ұялағандай болды ішімде мұң.
Мінезі еді анамның мен білетін,
Жақтырмайтын адамның ісінгенін.
Саябырлап
Демімді алдым дағы:
– Апа, атқа не дедің алдыңдағы, –
Дегенімде.
Шаруақор қимылменен:
– Құдай сөзі, – деп айта салды дағы,
Атты апарып бекітіп қорасына
Дайындалды.
Кештегі ол асына ....
Түрегелсем таңертең қара сұр ат,
Жоқ боп шықты түндегі қорасында.
Бір үйлі жан қараған қара сұр ат,
Мінеді оны шал дағы, бала сұрап.
Жаңбырлығы жұнттай жануарым,
Ауыздықпен ойнайтын таң асып ап.
Желқайықтай сырғитын тақымыңда,
Бір кездегі Шалқардың аты, мына.
Бұдан басқа тігерге тұяқ та жоқ,
Маған енші етіпті ақырында.
 Бойындағы ірікпей күшті күллі,
Анам айтып барлығын түсіндірді.
– Бас көтерер үйдегі өзіңсің, – деп,
Маңдайымды терлетіп қысылдырды.
Жатты қызып
Күн сайын дала өмір,
Тірлік үшін толғанған жаңа небір.
Атым бар деп мақтанып ауыл-үйге,
Мəз боп жүрдім,
Мен бейбақ бала көңіл.
Сөйтіп жүрген кезімде
əлгі атты,
Ұрлапты ұры.
Қинады жанды қатты.
Ауырлығы тұрмыстың үдей түсіп,
Əжімдерін
Анамның қалыңдатты.
Қуанышым шашылды құмдай болып,
Қаларымды білмедім
Мұндай болып.
Бұл күйімді егерде берсе еменге,
Қалай ғана өседі
Сынбай солып.
Тұрмыс гүлін тасқынға солдырмас ем,
Күрсінуді күш жетсе болдырмас ем.
Амалым не ұрланды қара сұр ат,
Екінші рет өлгендей болды əкем.
Қонар құсты құнығып қондырмаған,
Болар істі
Қырсық қой болдырмаған.
Қара сұр ат қайғылы жоғалған күн,
Əкемді ұрлап кеткендей болды маған.
Атбегі боп,
Аялап баққан өзі,
Бəйге бермей еліне жаққан еді.
 Тағыларды жібермей таяқ тастап,
Тақымына əкемнің жаққан еді.
Оянып кеп қарайтын түнгі ұйқыдан,
Бұл туралы айтатын күнде ұйытып əн.
Қара сұр ат біреу боп жүргенменен,
Кем көрмейтін
Мыңғырған мың жылқыдан.
Əкем төсек тартқанда ел де келген,
Дəрі-дəрмек қалмады емделмеген.
Сонда əлгі жануар оқыранып,
Қайғырғанан оттамай, жем жемеген.
Өлгенде Əкем.
Азалы үн аспандаған.
Жыламаған кəрі мен жас қалмаған.
Кісінеп кеп табытын иіскегенде,
Мөлт-мөлт етіп
Көзінен жас парлаған.
Мұны көрген адамдар егілді кеп,
Жаспен бірге жатқандай төгіліп от.
Қара жерді салмағы қайыстырған,
Бұл қайғыға тұрғандай
сөгілді көк.
Естілмеді ол аттан
Еш жаңалық,
Жаз да өтті.
Түгеді қыс та барып.
Қасқыр емес, əрине,
Адам ғой ол,
Жануарды қор қылған ұстап алып.
Алағызып,
Ұйықтамай көптеген күн,
Содан бастап,
Сенуді шектегенмін.
«Кісі аласы ішінде» дегенді ұғып,
Содан бастап
Ұрлықты жек көремін.





Пікір жазу