13.02.2022
  126


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

БАЛАЛЫҚ ШАҚҚА БАРЛАУ

Нүкешке
Бала кезде
Қыр соңыңнан қалмаушы ем,
Сен су кешсең,
Етікпенен жалдаушы ем.
Күн ыстықта көлеңкеде демалып,
Қайтар кезде
Балығымды ап алдаушы ең.
Бізге қарап көк құлатты жатты маң,
Барлауменен дүниеге атты таң.
«Мынау алған Еміліңнің балығын,
Барғаннан соң алып берем Ақсудан».
Айтқанына бейбақ басым сенетін,
Сеніп солай күнде үйіне келетін.
– Біз алатын балық əлі келмепті,
Деп толқынға ауық-ауық төнетін.
Екі өзенде тұрсақ тағы екеуміз,
Бір ау алып, бір көпірден өтеміз.
Жаздың жазғы қапырығын қарсы алып,
Күні бойы сандалумен кетеміз.
 Менің шала істеріме күлуші ең,
(Күліп жүріп
Пайдаңды да білуші ең).
Ауды маған арқалатып ыстықта,
Мақтап-мақтап
Құнанымды мінуші ең.
Өтті күндер...
Бір мектепте оқыдық
Бірге жүріп, бір партада отырдық.
Сен үлкен ең,
Аға санап көрмедім,
(Ол жағынан менен кетті олқылық).
Кейін келе сен түсіндің көңілді,
Мен таныдым оңым менен солымды.
Содан бірте қолыма алып қаламсап,
Бастап кеттім ақындыққа жолымды.
Үлкен едің
Менен кейін бастадың,
Соның өзі талант үшін қас қағым.
Амалым нешік, томдарыңды жаза алмай,
Қара жерді қапылыста жастандың!
Мен Емілде,
Сен Ақсуда туып ең.
Шабақтарды шағала боп қуып ем,
Екі өзеннің көк толқынын жамылып,
Қызықтадың тастай таза суымен.
Нұргелдім-ау!
Қаулап еді өлеңің,
Түсіп едің жолына өр өнердің.
Поэзия спутнигі зырлайды,
Ерен энергияменен келемін.





Пікір жазу