13.02.2022
  93


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

КҮЗ

Теректер тұр қара шалдай қартайған,
Жапырақсыз бұтағынан əр тайған.
Сайын дала сұлап жатыр шалқалап,
Сары ауру болғандайын сарғайған.
Маңы біткен жыл құсына тойланып,
Көлдер жатыр кірпік қақпай ойланып.
Тымақ киген қойшыдайын сары қамыс,
Тапжылмайды орынынан ой бағып.
 Боз қыраудан көйлек киген кезеңдер,
(Бойы сонша мұздаса да төзем дер).
Өлген адам денесіндей сұп-суық,
Өкіреді арнасында өзендер.
Төңіректі оймен шолып түйілдім,
Торлап келе жатқандай-ақ дүйім мұң.
Табиғаттың осы біреу кезеңі,
Жалғасындай менің көңіл күйімнің.





Пікір жазу