13.02.2022
116
ЕМІЛДЕН ЕСКЕН ЛЕП ЖЕЛІЛЕС - БІРІНШІ ЖЫР
Толқыныңнан
Емілім,
Тарады əсем
Күй күмбірлеп,
Көсілді далама кең.
Сол күйіңді сомдап бір жырға қосып,
Бар ынтаммен үйретем балама мен.
Əн ғып өтем!
Көңілді күндеріме,
Сыр ғып өтем!
Тыңдаса кім беріле.
Сен тұрасың
Қулықтың құрсағынан
Жаңа туған құлынның үндерінде.
Қоңыр қобыз тартатын күй ішінде,
Қозықаның таң алды күйісінде.
Сен тұрасың
Емілім,
Сен тұрасың
Көктемдегі көк жуа иісінде.
Ойларымды ақтарған барла мына,
Бақыттымын жағаңа барғаныма.
Сағынса ана баласын,
Аға-інісін,
Саған келіп жеткендей арманына.
Туған жері адамның – дара мекен,
Сондай болып көріндің балаңа сен.
Арнаңдағы суыңды сия етіп,
Жағаңдағы нуыңды қалам етем.