13.02.2022
  134


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ЕМІЛДЕН ЕСКЕН ЛЕП ЖЕЛІЛЕС - ОН ҮШІНШІ ЖЫР

Қарындасым Мейреш Қаженқызына
I
Алыстан ауыл,
Атадан
Жүргенде үрлеп сөз отын.
«Ағалап» мені атаған
Сөзіңе сенің не жетсін!
Жаңбырыңды алып көзіме,
Жанымның жазам жарасын.
Сағынып барған кезімде,
Сабылып қарсы аласың.
Туыстық үшін сүйініп,
Өткеріп жүрем күнімді əр.
Өмірден түссе қиындық,
Өзіңнен жақын кімім бар.
Алыстап туған қия бел:
Ақ қырау толған шашыма.
Ағадан қалған тұяқ ең,
«Ағалап» жүрші қасымда.
II
Өмірі өлең ойлантқан,
Ризамын атқан таңыма.
Қоныстап жүріп қой баққан,
Қыстауың өзен маңында.
 Əуені құлақ бұрады,
Жалғасы болып жазғы əннің.
Естіліп даусы тұрады,
Өзеннен ұшқан қаздардың.
Ұғылар сонда сырларым,
Өмірге мынау бағалы.
Өзенге барып жүр, жаным,
Еске алғың келсе ағаңды.
Суын іш егер шөлдесең,
Үй ішіңменен бірлікте.
Сонда мен тағы кездесем,
Соңырқап келіп тірлікте.





Пікір жазу