meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  13.02.2022
  200


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ЕМІЛДЕН ЕСКЕН ЛЕП ЖЕЛІЛЕС - ОНЫНШЫ ЖЫР

– Болады қашан саған ес кіретін,
Бұлжытпай айтқанымды ескеретін.
Ойнасаң сол күйіңмен жоғаласың,
Осынша неге үйге кеш келесің?
 Жабағы тілін шайнап тұр кісінеп,
Шөбі мол мая жақта тұрғысы кеп.
Торпақ та мөңірейді мазаны алып,
Шөліркеп, ішкісі кеп суды сімеп.
Қорасы қаз-үйректің ашылған жоқ.
Шулап тұр,
Жемі де əлі шашылған жоқ.
Оларға менің қолым тимей жатыр,
Жұмысым білгің келсе шашымнан көп.
Қора тұр,
Неше күннен тазаланбай,
Осыған кім шыдайды назаланбай.
Сен жүрсің құр сенделіп қолың тимей,
Ақпақұлақ қып берген ғажап, аллай! –
Деп анам,
Ыза болып, ұрысты кеп,
Ұруға ойтайланып, кірісті кеп.
Қиқарланып көрейін деп едім бір.
Қорықтым,
Кеткеніне тым ыссы боп!
Өсек пен өтірікке бұрылмайтын,
Мінезі жан анамның бұрын да айқын.
Бұлыңсыз ешнəрсеге бұлтармай-ақ,
Былайша болған істің шынын айттым.
– Білесіз балаңыздың алданбасын,
Қасымда көрші үйдегі Алдан, Қасым.
Даладан отын бұтап, суын əкеп,
Осылай кəрі əжеге жəрдемдестім.
Ішпепті түске дейін азан асын,
Шəйнегін отқа қойып қазан астым.
Арылтып жауған қардан есік алдын,
Қоқырдан қораларын тазаластым.
Сіз оны білесіз ғой, баласы жоқ
Жүретін қарты да өлген панасы боп.
 Кетпейді ештеңеңіз жүрсек егер,
Көзінің ағы менен қарасы боп, -
Дегенде пəктігімді біліп келіп,
Жайнаған жанарымнан үміт көріп!
– Хабарла ондай істі, жарай ма? – деп
Иіскеді маңдайымнан күліп келіп.





Пікір жазу