13.02.2022
  92


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ЕМІЛДЕН ЕСКЕН ЛЕП ЖЕЛІЛЕС - ТОҒЫЗЫНШЫ ЖЫР

Ауыл қысы тамаша,
Қоңды атым,
Тоным барда емес бұл тоңдыратын.
Босаңсыған борпылдақ борбас жерді,
Аязы бар қатырып, тоңдыратын.
Келтірмек боп ауылдың атына сын,
Үзбек болды кейде жол қатынасын.
Үскірігі уындай қарақұрттың,
Желген итті сол жерде қатыратын.
Бораны бар ақ бишік иіріп тұрған,
Адамды да, малды да ширықтырған.
Ақша қары қалыңдап жауған анау,
Алтын дəнге арналған сүйікті əн.
Бұл өңірдің жері жоқ су қатпаған,
Бұлан құйрық жатады құлдап боран.
Күйіс қайырған тай өгіз танауында,
Көк бурыл бу бұрқырап будақтаған.
Таза ауасы жұпардай жалайды ішті,
Ауыл қысы,
Шіркін-ау, қандай күшті!
Өмірінде ояңсып көрмеген мал,
Өткізсе де осындай талай қысты.
Ұнатпаймын қары жоқ қысты мүлдем,
Ұялайды мұндайда ішті кірбең.
Қаһарланған аязын сүйемін ғой,
Қасиетті жанымның ыстығымен.





Пікір жазу