13.02.2022
133
ЕМІЛДЕН ЕСКЕН ЛЕП ЖЕЛІЛЕС - СЕГІЗІНШІ ЖЫР
Мен бір бақ,
Алқабымда көктегем көп,
Арманым!
Боларыңды шектегем жоқ.
Жылына бір-ақ рет келетұғын
Күз емес, жүрші менің көктемім боп.
Гүлім бар,
Көктем болсаң құлпыратын,
Шыңым бар шуақтанып күн шығатын.
Сəніне келсе қайың жасылданып,
Сайрайтын бұлбұлым бар құлшынатын.
Далам бар,
Дəн-дария егісім бар,
Көктейтін таулары мен еңісім бар.
Арманым көктем болып келсең егер,
Ақ гүлден албырайтын жемісім бал.
Жаралған жақсы əуенсің əнім үшін,
Жаныма беретұғын жалын күшін.
Келемін қысқа қолды жеткізе алмай,
Көтеріп көңілімнің сағынышын.
Қоштасып соңғы жолдың айрығында,
Беу, арман,
Қалдырмашы қайғы-мұңға!
Ару қыз болмасаң да жанымды ұғар,
Аққу боп жүрші менің айдынымда.