13.02.2022
135
ЕМІЛДЕН ЕСКЕН ЛЕП ЖЕЛІЛЕС - ЕКІНШІ ЖЫР
Бауырынан жаратып Алшағырды,
Барқыт жолмен барладым қанша қырды.
Қараймын да жағаңнан Еміл, саған,
Кеудемдегі басамын аңсарымды.
Ақша бұлтың қалқыған көгімдегі,
Аққуымдай айдынды көлімдегі.
Атты қойып, аспанмен ұшсам дағы,
Таба алам ба, сəулемді өмірдегі.
Қарағайың жоқ сенің қатарланған,
Еміл,
Еміл,
Еміл боп атанғаннан.
Сонда дағы сұлусың,
Нұр аласың
Ай мен Күннен,
Тап-таза атар таңнан.
Жақұты боп жарқырап көзінде ойдың,
Жан анамның ақыли сөзіндейсің.
Өлеңімнің ең ыстық ұясысың,
Оны ақын боп қалайша сезінбейін.
Сезінемін Емілім, есімдесің,
Сеніменен тағдырым шешілгесін.
Тебірентті.
Тұп-тұнық толқыныңдай,
Торғын самал толықсып есілгесін.
Бауырынан жаратып Алшағырды,
Барқыт жолмен шарладым қанша қырды.
Толқын атып жатасың өр өзенім,
Баса алмадым лебіңдей аңсарымды.