13.02.2022
  111


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ЕМІЛДЕН ЕСКЕН ЛЕП ЖЕЛІЛЕС - ҮШІНШІ ЖЫР

Тебіндеп,
Бойлап өсіп бір
Теңселіп жасыл тұр құрақ.
Емілден самал есіп тұр,
Ерменнің иісі бұрқырап.
Қой мен түйе күйісі,
Тартқандай күйін өмірдің.
Жусан мен изен иісі,
Жұпары осы өңірдің.
Кеудемді ашып тағы да,
Келемін оймен келелі.
Сағыныш болған жаныма,
Саумалдың иісі келеді.
Па, шіркін!
Терең дем алам,
Айызым əбден қанғандай!
Жалтақтай берем мен оған,
Жалт беріп арман қалғандай.
Жұлдызы болған əр үйдің,
Жүрегінде отты сыр бардай.
Мен жақсы көрген сəбидің,
Уілін салып тұрғандай.
...Есіліп,
Желпіп қыр гүлін,
Естілді лептен əдемі үн.
Ауылда қалған құрбымның,
Айтқандай нəзік сəлемін.
Құсындай бірде ол жаңа таң
Қанаты қатып бекіген.
 Жасаурап көзі жан апам
Жатқандай сүйіп бетімнен.
Бəрі де маған бағалы Үн,
(Ерікті не ұқса
ел нендей).
Сағынып жүрген ағамның
Сəлемін айтып келгендей.





Пікір жазу