13.02.2022
  222


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

МҰҚАҒАЛИ ҚАБІРІНІҢ БАСЫНДА

Жеткізбей көз алдымда сағым көлім,
Жеміссіз құр көктеуде бағым менің.
Жетелеп жетімдіктің жез шылбырын,
Басына қабіріңнің тағы келдім.
Түсімнен шықпай қойдың ақын ағам,
Өмірден өжеттікті батыл алған.
Оқыдым құранымды мінажат қып,
Бір туған ағекемдей жақын маған.
Сұраған тілегімді бер дейсің бе,
Арқамды төсеуім қақ сендей күнге.
Азаптың тозағына түсінуші ең,
– Бүтіндей Кеңсай жаққа кел, – дейсің бе?
Барам ғой.
Асықпашы, ақын аға,
Өзіңе өлеңімдей жақын, аға.
Жүрейін жүрек жарды əндерді айтып,
Əзірше
Егеменді сахнада.
Бармайтын жалғандыққа не тілегің,
Ақ сүттей аппақ еді көкірегің.
 Атымды əкем қойған атамастан,
Өмірден «Əй, бала», – деп өтіп едің.
Ол кездей емеспін мен.
Ашынғанмын,
Сұйылды аппақ болып шашым қалың.
Жанымды сусамырлық дерт жайлаған,
Абайдың өлер жылғы жасындамын.
Ол кезде жақын жоқ ед саған менен,
(Білмеймін артық болды бағам неден).
Бір өзің бүкіл қазақ боп көрінген,
Жасты едің менің ортаншы ағамменен.
Тасмүсін сұмдық ойға сұғынғандай,
Дегендей: «Кеше сондай, бүгін қандай?»
Табынып тастұлғаңа Мұқа сенің,
Сырымды қотарайын түгім қалмай.
Жауладың жырларыңмен сахнаны,
Өзіңе бүкіл қазақ жақындады.
Алматы астана емес,
Бас қала боп,
Өзіңнің көшесінде атың қалды.
Жанымды түсініп ең тірлігіңде,
Қуанып менде өнген жыр бүріне.
Көре алмай оны сұмдар өсектейді,
Күбірлеп, кəдімгідей бір-біріне.
Біз бүгін Егеменді ел атанамыз,
Тарихта көрінбеген атағы аңыз.
Шетелге алтын, мұнай дегендерді,
Ешкімге жалтақтамай сата аламыз.
Құлаттық коммунистік қатал жайды,
Маркс те бұрынғыдай аталмайды.
Ежелгі партияның хатшылары,
Бұл күнде діндар болып жата алмайды.
Жасатып көпшілікке бастаманы,
Халыққа сөз айтудан жасқанады.
 Құбылып құбылғыдай
Құран ұстап,
Аятын пайғамбардың жастанады.
Құтылдық социалистік «сара жолдан»,
Даңғаза жержүзіне дара болған.
Кешегі «Ұлы көсем» қолын созған,
Құлаттық ескерткішін қалалардан.
Өткендей сабақты ине сəтіменен,
Жазудан жасқанбаймыз батыл өлең.
Айтпақшы,
Нарынқолың аудан болып...
Аталды Райымбек атыменен.
Білем ғой, ол кездегі ақ-қараны,
Ұялмай ұяттарын таптағанды.
Үстіңнен арызданған ұятсыздар,
Бұл күнде сеніменен мақтанады.
«Өрісі қарға адым боп бітті» деумен,
Адамға қарайтұғын бұлт тілеумен.
Өзіңнің мазаңды алған сұмырайлар,
Мені де келе жатыр түрткілеумен,
Жан аға!
Жан даусымның сазын аңда,
Қоя бер шағаласын, қазын ал да.
Болса да қай заманда
қорлық көру
Ақынның маңдайына жазылған ба?!
Тірліктің өзгертілді жолы керім,
Ұғарсың өлеңімнен оны менің.
Мектеп пен балабақша таратылып,
Бизнес деген басты оның орнын.
Көбейді сөмкелері салақ қаққан,
Жыландай тілдері айыр жалақ қаққан.
Орнына туған тілде кітап сату,
Молайды темікі мен арақ сатқан.
 Ауылда кедейшілік мазаны алған,
Көбейді «самопалдан» қаза болған.
Жұмыстың жоқтығынан қарақшы боп,
Қазақтар қамалуда жаза алған.
Айтамын ұғынардай жалғанға сыр,
Тыңдайды құшақ ашып алдан ғасыр.
Доллардың құны артты теңгемізден,
Ағылшын тілін білу арман қазір.
Болады намыс жерге сүйрелгендей,
Жүрегім қан жылайды түйрелгендей.
Қазақтар ағылшынға қойды ықылас,
Баяғы орыс тілін үйренгендей.
Барады күнім зулап өтіп алдан,
Оттары қатарластың өшіп жанған.
Басқадай жаңалықты айтар өзі,
Баласы Əлдибектің кетіп қалған.
Өзіңді «Қатты аңсадық!», – дейді ауылың.
Сөзіңді естіп жазған: «Ей,бауырым!».
Мұқам-ау!
Намысыңды қорғай алмай,
Қорқумен сақсынады кей бауырың.
Кезінде сені араша талағанның,
Кейбірі бар.
Ойлаған бала қамын.
Шіркін-ай!
Түре келсең бір аптаға,
Түсінер едің толық дала жайын.
Айтатын ойға қазір ерікті Күн,
Сөздердің жүргендер жоқ теріп бүрін.
Түсіме жиі-жиі кіргеннен соң,
Жан аға, Құран оқи, келіп тұрмын.
* * *
Тілегім қосылғандай тілегіммен,
Сан рет жақсылықты тіледің сен.
 Жолымен имандылық иландырдың:
«Тірегің боламын деп біле білсең».
Мен сендім.
Сенбесіме амалым жоқ,
Берместі алмайтұғын каналың көп.
Мекке боп ардақталдың.
Мына өмірде,
Мен үшін жаралғандай қамалым боп.
Əттеген!
Жүріппін ғой далбасалап,
Дайындап мінетұғын таңдасаң ат.
Сөйтсем сен, бұлаңдаған түлкі болып,
Аңдыпсың мысалдағы қарға санап.
Заманға, тіршілікке ойланам деп,
Басымды жүргенімде ойға бөлеп.
Қан талап көздеріңді қасқыр болып,
Жүріпсің, жанымды сен қойға теңеп.
Жаныма егістіктей жыр егілген,
Оңаша ойларменен жүре білгенЖан едім.
Қақпан құрып аяғыма,
Қанша рет жараладың жүрегімнен.
Жасарған тау-тасына таралып əн,
Жан едім, даналықтан даланы ұққан.
Тұтасқан сазбалшықтай анау тұлғаң,
Түсіндім, жаралғанын Арамдықтан.





Пікір жазу