КЕНЕСАРЫНЫҢ МОНОЛОГЫ
Мен Хандықты құрмадым ермек үшін,
Жақтамадым күресті ерлеу үшін.
Кең өрісте баптадым керегімді,
Кездей жерді орысқа бермеу үшін.
Қуатым бар тұратын батыл жауға,
Ақ мылтықпын.
Қақым жоқ атылмауға.
Өміріме ант етем!
Тірі жүрсем,
Өзенімнен тамшы су татырмауға.
Маған қарсы жан-жақтан даярланды,
Түлкі болып түрленді жай арланы.
Ағасұлтандарды алдап «Алқа» таққан,
Жолыменен жолбике аярланды.
Періштесін пері боп сүймедім мен,
Шенін тағып, шекпенін кимедім мен.
Бүйірімнен түрткілеп бүйрегімді,
Жаралады.
Күңіренген күйге ендім мен.
Күннен-күнге түнеріп ашынған күн,
Үдей түсті бораным,
басылмадым.
Безек болам қашанғы қас-жауыма,
Емеспін бе баласы Қасымханның.
Ақ патшадан келерін көріп алдым,
Қол жинадым Арқадан шеру тарттым.
Ешқашан да өліспей – беріспеймін,
Ел-жұртымды қорғауға берік Антым.
– Бағын! – деді. Кезеніп орыс келіп,
– Жағын! – деді, – Жеріңнен өріс беріп!
Туған Жерге қормалдық еткеніме,
Шыға келдім баскесер, теріс болып.
Қаһарына өртеніп улы көңілі,
Орманды өртеп, ағылған суды бөлді.
Бүлікшіл деп ат қойып, айдар тағып,
Бостандықты қуғандай қуды мені.
Болашақты армандап күйге орандым,
«Елім-ай!» ғой, «Елім-ай!» сүйген əнім.
Жерім байтақ болғанмен, елім тайғақ,
Осыны ойлап мен бейбақ қиналамын.
Амалым не, амалым!
Ортам надан!
Арылмаған ашкөз бен қорқаулардан.
Ақ патшадан келетін ажал емес,
Бəрінен де қан жұтып, қорқам содан.
Бас басына би болған, бақсы болған,
Рушылдар оларға жақсы қорған.
Ұлттың жайын ойлайтын адамдар аз,
Қалай іске асады жақсы арман?
Арпалыстым, алыстым жанымды жеп,
Лапылдады алдымнан жалынды от.
Көпке дейін күймедім.
Шаштым оған,
Көңілімнің көл-көсір қарын күреп.
Қыр көрсеттім қырғызға, оянсын деп,
Езілу мен езуден ой алсын деп.
Манаптары жақтасып ақ патшаға,
Қорғалады қой болып қоян жүрек.
Ұға алмады заманның жайы қандай,
(Сайқалдары қамалған сайы қандай?)
Жалтаңдайды шен менен шекпен күтіп,
Жақсы менен жаманды айыра алмай.
Аңсағаным – Еркіндік, Асыл Арман,
Қанат қағып келеді ғасырлардан.
Менің басым мың жерден алынса да,
Қазағым бар Даламның Басы болған.