13.02.2022
170
* * *
Кешкілікте ауыл шамы костер боп,
Ту алыстан шақырады: – Қош кел, – деп.
Тал бойыңа таудың суын құйғандай,
Егінжайдың мұртын сылап ескен леп.
Аспанында ауылдың тұр əн кілкіп,
Айғағындай салтанатты сан тірлік.
Топырақтың дымқыл тартқан сауырын,
Тоңазытып, келеді кеш паң жүріп.
Топтай түсіп, ұшқан қаздай қатарың,
Төгілдіріп ақ жаңбырын мақалдың.
Кең өріске көз жіберіп шалдар тұр,
Саусағымен тарап қойып сақалын.