* * *
Архатым құйттай кеудең жалынды ұя,
Беретін тіршіліктің балын жия.
Осынау сенің атың, келешекте,
Жазылар куəлікке – фамилия.
Лаулата беруі қақ ғасыр отын,
Жетпей-ақ қойсын, саған қасіретім.
Сен жайла мен шықпаған асқар шыңды,
Сен жамыл мен көрмеген аспан нұрын.
Иллаһи!
Бітсін саған ісмерлігім,
Тағы да бітсін шаттық күлкілерім.
Құрбыңмен сауық кеште сайраңдайтын,
Сен үйрен мен білмеген би түрлерін.
Кетсе егер кездейсоқта сөніп нұрым,
Тапсырам тілегімді сеніп ұлым.
Ұмытпай өз тауыңның биіктігін,
Ұлттың мен білмеген сен ұқ тілін.
Мүмкін сен геолог боп кен іздерсің,
Сауырын тауып жаңа семіз жердің.
Бұл күнде тебірентіп өлең болған,
Махаббат маған арман сені іздесін.
Жеткізбей жебірлердің қастандығын,
Сен терші мен термеген аспан гүлін.
Сен ұшта мен алмаған қарындашты,
Қазақтың жалғастырып дастан-жырын.
Түсіріп шумағына жырларымның,
Біткем жоқ біреуін де сырларымның.
Зайыбы немеремнің босанғанда,
Мен болып гүлін апар қырларымның.
Мен болып атын қой да шөберемнің,
Той жасап,
тасыт селін көп өлеңнің.
Меймандос келушілер малдас құрып,
Думанды жатсын солай жалғастырып.
Мейлі ол айтпаса да босқа еніп,
Жат көрме келсе адамы басқа ауданның.
Мен болып құрметтеп қолдарын қыс,
Бəйгені алып шыққан бас балуанның.
Талықсыт күйші қолын таңдар бойы,
Білінсін адам тұрмақ аңдар ойы.
Егерде бөгет болса той үстінде,
Мен болып сылқита соқ жанжалқойды.
Сəн болып қуаныштың салтына əн,
Дəстүрді жалғастырып халқыңа тəн.
Қымызға қызып алған қыз-қырқынға,
Құрулы тұрсын дайын алтыбақан.
Осындай шілдеханаға налымай кеп,
Айналса нəрестеден «жаным-ай», – деп.
Жайылып көрпе бол сен,
Қонақтардан –
Қалмасын тайқазанда тарыдай ет.
Сəлем саған көмір мұртты кейінгі,
Алдыменен даламнан ұқ пейілді.
Бабаларың, əкелерің бəрі де,
Бастаған ғой сол даладан сейілді.
Қуаныштан көздің асыл құсы ұшып,
Сол далада доспен қолды қысыстық.
Сарша тамыз айлары бар қаз тұрмақ,
Қаңтары бар сол даланың қысы ыстық.
Сапары сəт ғұмырнамам өздерің,
Сəлем саған мойыл қара көздерім.
Шаттық құсы ауыспаған сапардан,
Шаң баспасын біздер жиған сөз қорын.
Гауһар дейді Ұшанқардың тастарын,
Сəлем саған геологы аспанның.
Сауық кезде ұмытылып жүрмесін,
Біздер ұққан əуендері жақсы əннің.
Бұл сəлемім – бұлбұл тілді күй осы,
Бүкпесі жоқ тек сендерге тиесі.
Арқалаңдар бабалардың парызын,
Жасалмаған домбыраның иесі.