13.02.2022
  98


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ЕМІЛ

Арнасында тасыған,
Су емес,
Күн.
Сенесің.
Алты қырдың астынан,
Ақ сағым боп келесің.
Бастан кешкен өзімдей,
Баяндайды сол сырын.
Жас баланың көзіндей,
Жалт-жұлт еткен толқының.
Құсжолындай шұбалып,
Құйқылжыттың маған əн.
Құлындарды суғарып,
Құрақ орам жағаңнан.
Соқпағыңды тармақтап,
Араладым нуыңды.
 Кендір баулы қармақты ап,
Кешкем талай суыңды.
Егілдіріп барасың,
Емілім-ау,
Емілім.
Көрмей жүрген ағасын,
Көңілі жүдеу мен ұлың.
Сар далада балқиды əн,
Сағынышым – ақ нұрым.
Таңдайыма бал құйған,
Тамшы суың – тағдырым.





Пікір жазу