ТАЙРА АТТЫ ҚАРЫНДАС
Біз кездестік дастарқанның басында,
Ақша қоңыр бұлт қонғанда басыма.
Бүлдіргенді ормандар да ержеткен,
Бойжеткен қыз кеп отырдың қасыма.
Осы орныңнан жылжымашы, айналдым,
Осы орынға мен де еріксіз байландым.
Құрқылтайдың ұясындай төр мына,
Көрінеді жайлауындай жайлы орын.
Есілде өскен көгілдірі аққудың,
Жанарыңнан көрдім жанның шаттығын.
Жүрегімді езілдіріп барады,
Жүрегімнен жүдеп шыққын тəтті мұң.
Қанат болсын ұшар кезде талмаған,
Осы өлеңім, Тайра саған арналған.
Сен Есілде,
Мен Емілде жүрсем де,
Сенім артқан қарындас боп қал маған.
Қайталанбас қызықтарға толы күн,
Қарсы алдында болады ақын жолының.
Айып етпе,
Ата салты,
ұсындым,
Құрметпенен құнан қойдың тобығын.
Бұл тобықты жоғалтпайсың.
Сақтайсың,
Тобық ойны – қазақ салты жақтайтын.
Болжаусыздау уақытта сұраймын,
Болғайсың сен сенімімді ақтайтын.