ƏКЕ ТУРАЛЫ ЖЫРЛАР - ҮШІНШІ ЖЫР
ҮШІНШІ ЖЫР
Ағайынға беріп адал қол ұшын,
Азамат боп тек ауылда толыстың.
Адамдықты арамдыққа қорлатпай,
Алыстың да, шабыстың да сол үшін.
Шыға алмадың шығам деген беліңе,
Үкіметтің сатылмадың шеніне.
Шұбартаудан шұбырынды жасадың,
Ауылың бастап Қытай еліне.
Белорус пен Берлин жаққа бармадың,
Орыстардан бұйрық дағы алмадың.
Танк емес, атпен жүріп қорғадың,
Алтай менен Тарбағатай аймағын.
Алдың талай ол жақтағы маң сырын,
Көрдің қанша болғандығын жан шығын.
Гоминданның шерменде ғып шерігін,
Тік ұстадың Шығыс Түркістан Туын.
Ол Ту бірақ көп тұрмады желбіреп,
Боран болды бір кездегі жел жібек.
Тиген оқтың кесірінен шайқаста,
Үйіңе кеп қайтыс болдың сен жүдеп.
Қайран, əке!
Елуді де көрмедің,
Елді қорғау – өмір бойы көргенің.
Арпалысқан тағдырыңнан алғаның,
Мен болыппын
Омырауыңдағы орденің.
Қыс ызғарын,
өткізіп жаз аптабын,
Сұр бұлттай үйірілтіп басқа мұң.
Малды тастап,
Елді бастап келгенде
Мен болыппын,
Жат өлкеде тапқаның.
Шыға алмадың шығам деген беліңе,
Орындалмай қалды арманың сенің де.
Қайран, Əке!
Жалғау үшін жазыңды,
Оралып ем қасиетті Еліңе.
Келгеніммен ...
Ойды кернеп құсалық,
Ашылмады адымдарым тұсалып.
«Ежелгі жау ел болмайтын» сияқты,
Мені «бақты».
Сені қуған үш əріп...