13.02.2022
  128


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

АНАШЫМ

(əні бар)
Ақ шаңқай шұғылаңды есіме алам,
Тал түстен асып кеткен Бесін анам.
Тауысқан шəрбатыңды кенжең едім,
Тас жастап, салқын тартсам кешір, анам.
 Көргем жоқ сен жайлы əлі əн суалтып,
Атса да гүлді шықпен таң шылатып...
Шайыңнан бір шыныаяқ ішпегенге,
Анам-ау, өтті міне қанша уақыт?
Лаулайды мұны ойласам ішімдегі от,
Келе алмай əлсіреймін күшіме көп.
Өңімде елестетіп дидарыңды,
Көремін ылғи ғана түсімде тек.
Ақ анам, абзал анам, ақылды анам,
Жүздесу арман болды ақыр маған.
Осы бір алыс жүрген сапарларым,
Сияқты сағынышқа шақырған əн.
Көргем жоқ сен жайлы əлі əн суалтып,
Атса да гүлді шықпен таң шылатып...
Қатықтан өзің ұйтқан татпағанға,
Айтшы, ана, өтті міне қанша уақыт?
Балалық махабаттың тұнығынан,
Шаршамай келем шырқап күнұзын əн.
Анашым, қай мезгілде шөлдерімді
Қандырар екем сенің қымызыңнан?!
Тұрсаң да менен шалғай сан шақырым,
Анам-ау,
көз алдымда таңша күлдің.
Салмағын сағыныштың көтере алмай,
Анам-ау,
Бұл күндері шаршап жүрмін.





Пікір жазу