13.02.2022
  128


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

КЕЗДЕР-АЙ СЫЙЛАСЫМДЫ

Аралар талай рет,
Алматы көшелерін.
Жүр десем жарайды деп,
Ілесіп кете бердің.
Сыпайы сөздеріңнен,
Көрсетіп əн ұшқынын.
Күлкіңді көздеріңнен
Көзіме ауыстырдым.
Көңілдер қызықтаған,
Жүректе кір жоқтығын.
Сыйлап ем үзіп, саған
Бақшаның бір шоқ гүлін.
Сол кезің қызықты еді,
Жұлдызды аспаны да.
Сол кезің қызықты еді,
Бүрлеген жас талы да.
Сол жерге көп оралдым,
Жетектеп сағынған күн.
Желбіреп орамалың –
Бірақ та табылмадың.
Жастық шақ – мұң алдағы,
Жоғалтсаң қимасыңды.
 Бөліп жер бір алманы,
Кездер-ай сыйласымды!





Пікір жазу