13.02.2022
  104


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ЖАЗҒЫ ТАҢДА

Келеді қасын керіп таң шығыстан,
Аймаққа беріп хабар əнші құстан.
Жапырақ сыбдырынан секем алып,
Басынан сұр жартастың қаршыға ұшқан.
 Мүсіні сұлу біткен қыз қасындай,
Кідірді таяу барып құз басына ай.
Табиғат ауылында бірге туған,
Ойнайды гүл мен самал құрдасындай.
Ғажап қой жарқын жаздың таңғы шағы,
Ашылған думанды өмір сəн құшағы.
Көл бетін көлбеп өтіп, көк ала үйрек,
Осынау кең аспанмен жарасады.
Қалғандай көл демінен бусанып маң,
Мөлдір шық аумайды тау бұршағынан.
Бетке алып өзен жақта пысқырынып,
Барады жылқы өріп жусауынан.





Пікір жазу