12.02.2022
  213


Автор: Абдрахман Асылбек

Көктем

Көктем күні күркіреп,
Жаңбыр жауды сіркіреп.
Бәйшешектер дүркіреп,
Шыға келді қыр түлеп.
Көктем күні шуақты,
Көктем күні қуатты.
Мал жағалап суатты,
Сай-саламен су ақты.
Сылдыр-сылдыр бұлақтар,
Сыбдыр-сыбдыр құрақтар,
Күрт-күрт орып құр аттар,
Сырт-сырт ойнар лақтар.
Көбелектер көлбеңдеп,
Ебелектер елбеңдеп,
Қаз-үйректер кердеңдеп,
Ұшып жатыр көлден көп,
Күлім қағып күн шығып,
Күн нұрымен бір шығып,
Ел еңбекке құлшынып,
Қыза түскен тіршілік.
Кешке оралып мал қырдан,
Ауыл маңын даң қылған.
Көктем күні ән-думан,
Қуанады балдырған.





Пікір жазу