12.02.2022
  180


Автор: Абдрахман Асылбек

Ақылды қозы

Жар басынан бір күні
Қозы көріп Қасекең,
Қауып кетті құлқыны,
Аңдығаны ас екен.
Тырысса да қаншама,
Жарға шыға алмады.
Сонда тұрып тамсана,
Қасқыр сөзбен арбады:
«Онда саған жоқ орай,
Қозы қалқам, жерге түс.
Мұнда шалғын көкорай,
Мұнда бұлақ, кел де, іш.
Илан айтқан сөзіме,
Жаман ойлап, жасқанба.
Мен тұрғанда өзіңе,
Жолай алмас басқа аң да».
– Естімеп ем қашаннан
Қайырымын қасқырдың.
Сұрап келем апамнан
Сырын сіздей тақсырдың, –
Деді-дағы жас Қозы,
Кетті әрмен секіріп.
Алабұртып аш көзі,
Қасқыр қалды өкініп.
* * *
О, балалар, шамаңмен
Бастар болсаң бір істі,
Алдыменен анаңмен
Ақылдасқан дұрыс-ты.





Пікір жазу