ҚОМЫЗДЫҢ ТОЛҒАУЫ
«Қолыма қомыз алсам» деп,
Жете алмай жүрмін, қарманып.
* * *
Қомызын шешен сөйлеткен,
Өнері асқан жан едім.
Тоқтағұл
Шырымталдың шыбығын,
Шырпып өткен қомызбын,
Шымшықтардың шырылын,
Шырылдатқан қомызбын.
Қарағайдың көнесін,
Қақпақ қылған қомызбын.
Салтымыздың үлесін,
Сақтап қалған қомызбын.
Буалдырлы Ай-күннің
Буы болған қомызбын.
Булықтырған қайғының
Бұлты болған қомызбын.
Тарау-тарау тарихтың
Жыры болған қомызбын.
Қырғыз деген халықтың
Мұңы болған қомызбын.
Емен деген алыптың,
Безі болған қомызбын.
Қырғыз деген халықтың
Сөзі болған қомызбын.
Қабат-қабат ойыңда
Қанаттанған қомызбын.
Семетейдің тойында,
Манас тартқан қомызбын.
Айтар сөзің ұғынғын,
Ашылмаған бұлың күн.
Құлағымды сұрасаң,
Мүйізі бесті бұғының.
Өкінішті өткен іс,
Өкпегінде көне іздің.
Айдаламдай теп-тегіс,
Пернесі жоқ қомызбын.
Сырларымды сұрасаң,
Сырмақ қылып қу үнін.
Ырларымды сұрасаң,
Ырғағы алтын буынның.
Күйлерімді сұрасаң,
Көркі толқын көлімнің.
Ішегімді сұрасаң,
Шерлі жолы елімнің.
Күйдің тартып гөй-гөйін,
Басын бастап ақырын.
Ал сөйлейін,
сөйлейін,
Құлағыңды тос, ақыным.
Шындық іздеп шырқырап,
Шылбырменен байландың.
Сай-сүйегің сырқырап,
Саймантауға айдалдың.
Шындықты айттың қайтпадың,
Шынжырменен байландың.
Бəрі есімде айтқаның,
Барлығына айғақпын.
Куəсісің зорлықтың,
Куəсісің қорлықтың.
Куəсісің мұңлықтың,
Шырылдаған шындықтың.
Атаңа нəлет бай-манап
Пəлесін жауып қайдағы.
Шерікпен кеп байлап ап,
Тастүрмеге айдады.
«Патшаға тіл тигіздің»,
Деп шүйіліп сазара.
Бай мен бегі қырғыздың,
Кесті өлім жазаға.
Сонда қырғыз елі боп,
Ара түсті,
қорғады.
Тоқтағұлым жолың боп,
«Өлім жаза» болмады.
«Бері жүр де əрі жүр!»
Деп пəлемен қайдағы.
Бірақ, бірақ
бəрібір
Итжеккенге айдалды...
Соқты дауыл масқара!
Ауыл қалды ормансыз.
Жаман қатын, жас бала,
Қалды артыңда қорғансыз.
Болса да ауыл төлісі,
Жары кетті жаралы...
Жалғыз ұлы Тобышы,
Жазым болы,
Қаралы...
Қалың сорға қосылмай,
Қалған белгі көп ізім.
Ортақ болған осындай
Қасіретке, қомызбын.
Ел тағдыры көзімде,
Айтқан сайын бүрлеген.
Ішегімде – шежіре,
Үнім – тарих гулеген.
Жарылқасын алдынан,
Жалғыз ұлың Тобыштың.
Басыңдағы зарынан,
Басылмаған қомызбын.
Талай күнді батырдым,
Тастағында көп ізің.
Азабына ақынның,
Куə болған қомызбын.
Талай таңды атырдым,
Тастағында көп ізің.
Ерлігіне батырдың,
Қуə болған қомызбын.
Домбырадай шанағым,
Қуыс болған қомызбын.
Қазақ пенен қырғыздай,
Туыс болған қомызбын.
Ғасырларға бітпейтін,
Ғажайып біз сөз едік.
Тоқтағұлмен екеуміз,
Бір халықтың көзі едік.
Түзейтұғын сəнде көп,
Түрленетін үйде көп.
Айтатұғын əнде көп,
Тартатығұн күйде көп.
Бітпек емес сөзіміз,
(Өзіміз біз – өзіміз).
Қырғызымыз тұрғанда,
Жұмылмайды көзіміз.
Сенің иең мен едім,
Менің ием сен едің.
Сен тұрғанда Тоқтағұл,
Аман-есен келемін.
Шанағыма шаң толып,
Сүртті оны көп болып.
Өзің жоқта өзегім
Өртенді ғой от болып.
Аз болған жоқ сөз еткен,
(Қорықпаймыз өсектен).
Сияқтысың Жамбылдай,
Домбыраны дос еткен.
Екеуіңнің тағдырың,
Егіз ұйқас секілді.
Екеуің боп тұрғандай,
Алыптардың өкілі.
Ел арманы сарыным,
Қолыңа алшы, дарыным.
Сенде мені сағындың,
Менде сені сағындым...
1985–1995–2007 жылдар. Алматы