ТОҚТАҒҰЛДЫҢ ЕЛІНЕ БАРҒАНДАҒЫ БІРІНШІ ТОЛҒАУЫ
Амансың ба, Ыстықкөлім, аймағым,
Алмалы бақ, таңқурайлы сайларым.
Алла сақтап құзғындар мен қарғадан,
Аман қалған сүт бетіндегі қаймағың.
Толғанумен сенде өскен тұлымым,
Қыран текті қырғыздардың ұлымын.
Тастан тасқа соғылса да, Тұнығын –
Сақтайтұғын өзендердің бірімін.
Айналайын, пейілінен елдің кең,
Азаматың едім байтақ ел білген.
Қолыма алып құмарланам ырлаған,
Қомызымды сағынумен келдім мен.
Таңдайымда дəмі қалған балыңның,
Көз алдымда көлеңкесі талыңның.
Көк аспанды астарлаған толқындап,
Күңіренген əндеріңді сағындым.
Айналайын, пейілінен елдің кең,
Азаматың едім байтақ ел білген.
Азаппенен айдалып ем Сібірге,
Сол азаппен қайта айналып келдім мен.
Жайлау болып жаратылған жаныма,
Жарық болып таратылған таңыма.
Бүршігіңді бұтақ қылып қонақтап,
Бұлбұлың ем ұя салған бағыңа.
Амансың ба!
Бала-шаға, жан жарым,
Қалай атып жатыр екен таңдарың?
Барыменен базар болған қайран ел –
Аман ба екен қора-қопсы, мал-жаның.
Көз алдымнан кетпей қойды сағымың,
Құлағымда тұрып алды сары мұң.
Байласаң да, айдасаң да
Сібірге,
Туған жер мен топырағыңды сағындым.
Көз алдымда жүрдің мөлдір көңілмен,
Айналайын қырғыз деген елімнен.
Далаң қаққан мінезіңмен ақжарқын,
Дəм-тұзыңды аңсауменен келдім мен.
Түгемейді көңілімнің мұңдары,
(Түтіп жеді өз елімнің сұмдары).
Бір Алатау болғанменен Ыстықтау,
Шуақ сіңген осы таудың күн жағы.
Осы өңірде ырды алғаш ырдағам,
Осы өңірде «Манасты» алғаш тыңдағам.
Осы өңірде қомызыма үн қосып,
Ақын болып ойларымды шыңдағам.
Қайда жүрсем сеніменен біргемін,
Туған елім сені ойламай жүрмедім.
Сағындым ғой қойларыңның шуашын,
Сағындым ғой иттеріңнің үргенін.
Бала сүйіп, əке болып атанғам,
Бұған асқақ тебіренбей жата алман.
Мағыналы шындық іздеп жүргенде,
Манаптардың шынжырына маталғам.
Орыстардың арағына масайды,
Орағытып төбеңді де қашайды.
Өз қырғызың өзі аямай жүргендер,
Өзге ұлтқа не жақсылық жасайды.
Ұлт болдық Енесейден ауып кеп,
Көмек қылдық біз өзара «əуп!» деп.
Сүттей ұйып жүріп барып бұзылдық,
Тарысы бар пенделерге тауық боп.
Тарих куə жүргеніміз күлкі боп,
Жағыламыз темекіге шырпы боп.
Тауға лайық...
Үйір болып барамыз,
Тауығы бар қораларға түлкі боп.
Қырғыз халқы – туған елім, қазынам,
Көңілімде айтылатын азық əн!
Түлкі болып тірлік кешкеннен кейін,
Түрткі көрдік қарғы таққан тазыдан.
Қайран халқым аз болсақ та батыр ек,
Жасқанбайтын жауымыздан батыл ек.
Өзімізге өрекпумен өзіміз,
Өлім тілеп бағытталып жатыр оқ!
Менің халқым болса дағы ақылды,
Қырсыздықпен талай таңды атырды.
Манасшылар бар екенін білсек те,
Мандырдың-ау!
Мына мендей ақынды.
Бай-манаптың есі-дерті жағыну,
Жағынумен Николайға бағыну.
Өз ұлтының болашағын ойламай,
Өзге ұлтқа озбырлана қағыну.
Айтақ десе үріп ала жөнелген
Ит сияқты.
(Қойған асқа кенелген).
Опасыздық жүректерін жайласа,
Ұлт туралы қалай ғана сенем мен.
Қайран халқым тау мен таста сандалған,
Сонда туған əндеріңе таңданған.
Сормаңдай боп қалың сордан айырылмай,
Соққы көрдің қайырымсыз хандардан.
Қарамайды бұдан былай күліп ай,
Берекені бұзып сынған шыныдай.
Құбатұлы Қалығұлдай1 қанішер,
Хан Кененің басын алған сұмырай!
Осындай ғып арымызды төккізген,
Дақ түсірді туыстыққа шексіз кең.
Бас сүйекті басқалардан жасырып,
Алатаудан Сібір жаққа жеткізген.
Кенесары күресуге шақырған
Кезде адасты қырғыз қолы сапынан.
Бостандықтың болашағын түсінбей,
Бодандыққа орыстарға сатылған.
Жылан болып шақты келіп жаныңды,
Қансорғыш боп сорды қанша қаныңды.
Бəріне де бас изедің баладай,
Ұқсата алмай самсыраттың барыңды.
Қасіреттің белі сірə талмады,
Алып тайын артты оның салмағы.
Хан Кененің басын кесіп алғанмен,
Азаттықтың басын жоя алмады.
Сорладың-ау!
Бассыз болған ауылым,
Суық күнге қарай қамап бауырын.
Ойлатпады-ау опасыздық ашкөздік,
Ұлы тарих дүбірлеткен дауылын.
Жаспен жуып екі көзін жатты үміт,
Жағасынан алды келіп жат қылық.
Бір қазақтың басын алып,
миллион
Қырғыздарды жер шұқытты сатқындық.
Алатаудан құшақ ашты бақ қонып,
Басқа жерде жүрсе дағы тап болып.
Орман ханның ойсыздығы орнатты,
Тарихыма алабажақ дақ болып.
1 Қалығұл хан Кененнің басын жасырын алып Батыс Сібірдің билеушісі Горчаковқа береді. Ол қырғыздың Орман ханына подполковник атағын береді. 12 бай-манаптың төсіне алтын медаль тағады.