12.02.2022
  168


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

* * *

I
«Кетіңдер атамекен жерімізден,
Тып-тыныш жатсын өсіп еліміз кең.
Осымен тоқтатылсын шапқыншылық,
Қонақ бол, орын алып төрімізден?»
Райымбек осылайша тілек қойды,
Жандырып жанарында бір от бойды.
 «Қорқақты құдай солай жаратқан» деп,
Арысхан үзеңгісін шіреп қойды.
«Қазақтың жерін алмай кетпейміз біз,
Қан қылып ұрпақтарын өктейміз біз.
Жауына қонақ болған кімді көрдің,
Көктемгі кең даладай көктейміз біз!
Көкшыбын ұялатып көздеріне...»
«Ендеше өз обалың өздеріңде!...»
Шақырды Арысханды жекпе-жекке,
Кектеніп Райымбек сөздеріне.
Арысхан Жоңғардың бас батыры еді,
(Əйгілі Халдан Серен жақыны еді).
Тынығып талай күннен дімін алып,
Сиынып Көктəңірге жатыр еді.
Түсінбей ілтипатқа бəтшағар-ай!
Ұмтылды шоқпарымен аң соғардай.
Майданға келді кешіл өрекпеумен,
Тас жарып, кеудесімен тау соғардай.
Шүйделі, шот маңдайлы, шашын түйген,
Үстіне бал барқыттан асыл киген.
Кең иық, ұзын бойлы, түсі суық,
Жауатын күндей болып қасын түйген.
Астында сетер аты бабы келген,
Зулатып шабатын бір шағы келген.
Райымбек көрінгенде есі шыққан,
Арысхан маң төбеттей тағы көрген.
Содан соң «Райымбек!» деп айқайлады,
Жаңғыртты тітіретіп сай-саланы.
Жоңғардың бас батыры састы қатты,
Көкойнақ болып аққан байқағаны...
Осылай елес өтті тізбектеліп,
Алғандай тау біткендер құз бөктеріп.
Аспанда бұлт айналып, жер көшкендей,
Құбылыс құдіретімен тұрды өктемдік.
 Райымбек со бетімен найза сілтеп,
Шақырды Арысханды «Қайдасың?» деп.
Ол батыр дауысынан шошығаннан,
Келместей о дүниеге «жайғасып ед».
Бір рет шайқаcпастан текке өлді,
(Беделі кəрі түйедей шөккен еді).
Райымбек найзасы емес,
Дауысынан,
Ажалды жүрегіне сепкен еді.
Қайқайды қалың қолы қалмақтардың,
Көрсетіп көздеріне қан жапқан күн.
Қан кешу кезде ұғынып мойындады,
Қазақтың қайратының салмақтарын.
Есінен кетпей жаудың «тойғандары»,
Қазақтар қаһарланып ойрандады.
Аталды «Ойрантөбе» айқасқан жер,
Қапталдап өріп өскен қайран, малы.
II
Бауырында Торыайғырдың қалың албан,
Қорғауда ел мен жерін жанын салған.
Шөл қысты табиғаттың аптабында,
Үдеден шығармады қайың сауған.
Жоспарын «Шөлден қыру» көздеп алдан,
Қаскөй жау судың көзін өздері алған.
Болған іске болаттай шымырланып,
Бұл іске қайсарлықпен төзген албан.
Су көзі табылмады қарағанмен,
Соққан леп аңса құртып, жалаған өң.
Ештеңе шықпай қойды анталанып,
Соншалық талға ақ байлап қалағанмен.
Естілді елдің зары шуылы көп,
Естілді сəбидің пəк уілі боп.
Баяғы əулие қарт беріп кеткен
Найзаны жерге қадап суырды кеп...
 «Бісміллə, бісміллə!» деп Райымбек,
«Бере гөр, көп тілеуін құдайым!» деп...
Ақ бұрқақ су аспанға атқылады,
Аңсаған ақ көңілдің шырайы боп.
Адам да, ат та, бəрі ішті қанып,
Лезде шыға келді күш нығайып.
Тынығып барлығы да демін алды,
Оңалды алға қойған ісі барып.
Бұл шындық болғанменен, ірі аңыз,
Ақынның жырлайтұғын жыры нағыз.
«Егерде Райымбек болмағанда,
Торыайғыр бауырында қырыламыз» –
Деді де Əлмерек би көңілденді,
Бұлттан ашылғандай көңіл көгі,
Халыққа жариялап,
Таңғажайып
Білдірді таңданысын көңілдегі.
Ерекше жаратылып бұл ғаламнан,
Халықтың тілегіне туған адам.
Қазақтың бүтіндігін арман етіп,
Қайратты бұлшық етте тулаған қан.
Батырға адам тұрмақ, тас табынды,
Таулар да басын иді асқар ұлы.
Айырлы асуында толқын туып,
Адамның шөлін басты тас тамыры.
Ол кезгі бар ма, жоқ па жыра-құздар,
Білмеймін.
Содан қалған бір аңыз бар.
Бұл күнде жұрт тəу етіп жүретұғын,
Райымбек бабамыздың тұмасы бар.
Тұманы көріп-білген мақтайды ел,
(Есіне, елге əйгілеп сақтай білген).
Қыстағы сықырлаған сары аязда,
Бал суы мөлдіресіп қатпай келген.
 Басынан жемістерін тере аласың,
Жеңсіктің татқандай боп керек асын.
Бүгінге уақытың жетпей жатса,
Оны ертең барсаң тағы көре аласың.
Тұмаға ем-дом іздеп түнемейтін
Адам аз.
(Жандар да бар жүре елейтін).
Бұтаға бұл да байлап тəу етеді,
Тұмада қасиет көп түгемейтін.
Айырлы Торыайғыр тау бір асуы,
Жазатын лашындай құлашыңды.
Тұмасы əулиенің таңғажайып,
Тұнығы сияқтанған жыр асылы.
Ол кезгі бар да шығар жыра-құздар,
Сол кезден қалған тағы бір аңыз бар.
Таралған Ұлы жүздің арасына,
Құрметтім, сол аңызға құлағың сал.
Тағы сол жаугершілік заманында,
Оранған айықпастай дала мұңға.
Қалың ел «Елімайлап» босқанына,
Қара тау, Алатау мен дала куə.
Ерлердің алты малта асы болған,
(Ішінде кəрісі мен жасы болған).
Алысып ата жаумен Сарыарқада,
Қазақтың бабасының басы қалған.
Ол сұмдар жауыздықтан жаңылмаған,
Қазақтың маңдай соры қалыңдаған.
Халық боп қарсы тұрып,
шалдыққанда
Ертіс пен Ілеге кеп дамылдаған.
Кезінде орманы мен гүл өскен маң,
Кер толғау күй күмбірлеп жыр ескен маң.
Тұсында қу қалмақтың
«Бостандық!» деп,
Шақантай батыр бабам күрескен маң.
 Осындай кезде борбай боршаланған,
Опық жеп, аһ ұрған соншама арман.
Аңдысқан əккі жаулар албан қолын,
Іленің түбегінде қоршап алған.
Бұзбаса бұл қоршауды қазақ қолы,
(Бордай боп жоғалатын азап төнді).
Қаптаған төңіректі торғауыттар,
Қазаққа көрсетпекші азапты енді.
Аралап Əлмерек би талай жерді,
(Басшы мен батырларын арай көрді).
«Шынымен тұңғиыққа түсеміз бе?»
Дегендей Райымбекке қарай берді.
Күш пенен ақыл жинап бойға кілең,
Райымбек алысты іштей ойларымен.
Халықтың қасиетті армандарын,
Қас батыр келе жатты ойланумен.
Ілеге атын бұрып алды дағы,
(Алдынан опырылып жар құлады).
«Би-исмил-лаһи-р-рахман» деп сыйынып,
Киелі найзаны салды тағы...
«Қайдасың таңда көрген Ием менің,
Тəңірім өзі берген кием менің.
Бұл жерде қолтығымнан қолдайтұғын,
Өзің ең өмірдегі сүйенгенім!».
Дегенде Іле өзені қақ жарылды...
Ашқандай болды құшақ мақсат ұлы.
Дағдарды қалмақ қолы,
Сарбаздардың ―
Алдынан жолы ашылып жақсартылды.
Ұғынып Жаратушы ұлы барын,
Сезініп оның біздей құлы барын.
Құтқарған қылкөпірден қиын күнде,
Шақырды «Райымбек!» ұлы ұранын.
 Қосылды бұл ұранға бауда ырғақ,
Жаңғыртты Жетісудай тау қабылдап.
Қаптады қарағайдай биікке өрлеп,
Ұлы ұран ұрпақтарды жан-жағына ап.
Жүрсекте қанша біздер жол үстінде,
Көңілім таңғажайып толы үнге.
Халықтың маңдайына қарай біткен,
Батырды ардақтаймыз сол үшінде!
Сол үшін, ұлы ұран «Райымбек!»
Қолдасын қуат беріп Құдайым көп.
Елі бар жерде əрқашан ― Ер туады,
Соларға саламаттық сұраймын мен.
Шілде, тамыз, 2005 жыл.
Қалқаман





Пікір жазу