12.02.2022
  123


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ТОРЫАЙҒЫР ТАУЫ БӨКТЕРІНДЕ

Ағылған Бұғытыдан қалың қалмақ,
Қазақтың жерін жайлап, малын алмақ.
Толқыған торғауыттың толқыны боп,
Келеді кең далаға жанын жалдап.
Шаң қапқан таудың тарлан қабырғасын,
Мұжыған ат тұяғы адыр басын.
Байсейіт, Малай, Қыстық, Қызылбөрік ...
«Өкірткен ала өгіздей адырнасын».
Шыққан көз,
Кесілген бас,
Шашылған қан,
Шырқырап шыққан дауыс ашынғаннан.
Қазақтың кең даласы тарылғандай,
Қан кешіп əрлі-берлі тасынғаннан.
Жүргендер жоқ ешқандай күлгенді аңдап,
Қазақты қан кештіріп жүрген қалмақ.
Ит ұлып өртенген үй іргесінде,
Айырылған ботасынан іңген зарлап.
Ет сасып, қаққа айналған бұзылған қан,
Бас сүйек шелпек болған мыжылғаннан.
Құс та жоқ, құзғында жоқ ұшып-қонған,
Тек қана шыбын қалған құжынаған.
Бір кезде кең дала да əн шашылған,
Бұл кезде күлімсі иіс қан сасыған.
Тұншықты топыраққа шерлі күйі,
Тұралап таба алмады жанға шыдам.
Үйірілді қара бұлт аспанымда,
Егілтіп таудың тарғыл тастарын да.
Есейтті елдің мұңы, жердің жыры,
Толмаған балиғатқа жастарын да.
Қызы да атқа мінді қазағымның,
Елінің естіген соң азалы үнін.
 Атанып еркекшора жауға шапты,
Байқатып батырлықтың базар күнін.
Қызарып ұялғаннан шығыс тұрды,
(Самал боп аралады сыбыс қырды).
Батырлық басынған жау шебін бұзып,
Қайтадан сол шығысқа ығыстырды...
Қорғаған ел мен жерін Сенім ірі,
Қайысқан қалмақ қолын шегіндірді.
Көкпекті аңғарымен қойдай айдап,
Көз жасын торғауыттың төгілдірді.
Жосылды келген жаққа қарай бəрі,
Жол бойы өлім құшты талайлары.
Осы кез оңшалдырып қолын жиған,
Секерхан қолданды кеп бар айланы.
Ол қалмақтың батыры, басшысы əрі,
Қазаққа қарсы қадам басты тағы.
Қаптады жабы мініп,
Асулардан –
Қап-қара толқын болып асты бəрі.
Бұл маңда Торыайғыр тау биіктеген,
Солтүстігі Бұғыты киік өрген.
Ортасы жазық дала төбесі бар,
Осы ара жау көңіліне түйіп келген.
Қазақты осы маңда қамауға алды,
Желбіреп шылғаудай боп жалаулары.
Ниеті бəрін қырып қазақтардың,
Дүние мүліктерін талау тағы...
Бастаған қазақ қолын Райымбек,
Тастады ұлы ұранын: «Құдайым...!» деп.
Қолында қорғасындай қола найза,
Ұмтылды жау тобына былай үндеп:
– Басы бар қай əкеңнің біздің жерде,
Қазақты шамаң қайсы тізгіндеуге.
 Байғұссың, Көктымақты1
барлығыңды –
Болады жемтік құмар құзғын деуге.
Қан қақсап харамдықпен өтеді айың,
(Оны ұғып, жоқ сендерде жетер жайың).
Бабаңның ешбір жерде моласы жоқ,
Иттерден айырмаң тек екі аяғың!
Сілтеді найзасын оңды-солды,
Өлікке мүрдем кеткен жолы толды...
Шақырды жекпе-жекке «Хангелді» деп,
Қайнады мұнан кейін оның соры.
Шақырды ұлы ұранын Райымбек,
«Төбеңнен көктымақты» ұрайын деп.
– Түкенің ұлымын, – деп,
(Түйреп алды.)
«Шетіңнен осылай ғып қырайын!» деп.
Мұнан соң шойын құлақ біреу шықты,
Өзіне жалт қаратып түгел жұртты.
Оны да аттандырды келмесіне,
Көрсетіп жорықта өмір сүргендікті.
Əлмерек немересі Ерден батыр,
Жекпе-жек Секерханмен келген батыр.
Жан беріп, жан алысқан айқастар да,
Есіл ер сол айқаста өлді ақыр...
Райымбек Секерханмен шықты енді,
(Ересен екеуі де мықты еді).
Түксиген Секерханды жер жастантып,
Төңкеріп төбейдей ғып жықты енді....
Айнала ию-қию арпалыста,
Кісі өлген,
Ат мертіккен қалтарыста.
Біреулер найзасымен қорғанады,
Қолынан қапылыста қалқаны ұшса.
1 Жаугершілік заманда қазақтар қалмақтарды келемеждеп “Көктымақты” деп
атаған.
 Біреулер қашса үрейлі бет-бетімен,
Біреулер бұқты сайыс шет-шетімен.
Біреулер есі шығып қорыққаннан,
Жатады аттан түсіп етпетімен...
Бұл маңнан болды ілезде құлан ғайып,
Жоғалды орманынан бұлан тайып.
Шыққан шаң арпалыста ат бауырынан,
Шығарды көк аспанды тұмандай ғып.
Жан-жақтан жатса дағы жау ағылып,
Келеді.
Жатса дағы тауы шағылып.
Сарбазын алмастырды Райымбек,
Сабырмен Торыайғырдай тауға жылжып.
Қолбасшы екі жағын салғастырды,
Жарамды дегендерін таңдастырды.
Оларды Қызылбөрік, Малай батыр,
Бастаған тың қолменен алмастырды.
Осылай торғауыттың жолын кесті,
Қаптаған қарақұрым қолын тосты.
Оралған Торыайғырдан сарбаздарға,
Байсейіт, Қыстық батыр қолын қосты.
Астынан асып шыққан талай қырдың,
Самсаған қолы келді Жалайырдың.
Бірігіп осылайша жауларына,
Көрсетті күресудің жаңа қырын.





Пікір жазу