Бұқар жыраудың жыры
Бір мезет көз жіберіп өткен күнге,
Толғаулы ой салайын көп көңілге.
Мынандай ерлік толы оқиға өткен,
Ежелгі Алмалытау бөктерінде.
Кəдімгі осы күнгі Алатауды
Төгілген алма, жеміс алақаны –
Алмалытау атапты жайлаған ел,
Алатын заманада бар атағы.
Қыс қыстау, жаз жайлаған Шапырашты,
Өміршіл тірлігімен ақылы асты.
Бейбіт күн аясында бесік тербеп,
Беткейін сол өмірдің батыл басты.
Қаптаған қарағайлы қалың орман
Жайлауда сол ормандай малы болған.
Қызығын қырда өткізіп, ойда өткізіп,
Атырған сауық кешті таңы болған.
Екейлер сауық кештің ордасы боп,
Есқожа батырлықтың қордасы боп.
Ат баптап,
Құс қайырып,
Ит жүгіртіп,
Жүріпті орман түлкі олжасы боп.
Бейбіт күн, берекелі жүрді осылай,
Айтылды жиын-тойда жыр тосылмай.
Жадырап жастар жағы тобық ойнап,
Дырдуға қалғаны жоқ құр қосылмай.
Ардабек керемет бір жігіт еді,
Тұтанды Арай қызға үміт оты.
Кешін де алтыбақан бірге болып,
Тобығын бойжеткенге күліп берді...
Ойынның мағынасын ұғып жүрді,
Кей кезде Ардабектен бұғып жүрді.
Тобықты сұрай қалса, беремін деп,
Тілінің астына сап тығып жүрді.
Арада апта өтті күлім қағып,
Ай өтті думандардан тұлым тағып.
Тобығын ұмытқандай кездескенде
Бозбала жүрді қызға жымың қағып.
Жүрмейді ешбір адам оны күндеп,
Жүреді қайта оның жолы гүлдеп.
Өзенге суға кетіп бара жатқан
Кезінде
Сұрады кеп «Тобығым» деп.
Арайдың беті бірден дуылдады,
Тал бойы ысып, əлсіреп буындары...
Тобығын бере алмай
Ардабектің,
Тапқаны – сүйіктісін ұғынғаны.
Арайдың арманы іште орындалды
(Ашылды ақ гүлдері жолындағы)
Екі жақ құда болып қойын сойып,
Асалып құйырық-бауыр қолындағы...
* * *
Сең бұлттар аспан торлап күркіреді.
Ақ жаңбыр сел ғып жерді сіркіреді.
Əп-сəтте алай-дүлей дауыл тұрып,
Мазалап соқты келіп біртүрлі елді.
Қаптады соқыр тұман көзді байлап,
Орманды, кең даланы кезді жайлап.
Зұлымдық атаулының бастаушысы –
Аталып қанды қолын созды қалмақ.
Үркітті тыныштықты қасқыр болып,
Қанды көз қара албасты басқыр болып.
Теректер бұтағынан майырылды да,
Оталды келе жатқан жас гүл толып.
Салқындап бара жатты күн ыстығы,
Тарылтты алқымнан ап тынысты ұлы.
Бұрқырап шаң тұрады бұзықтардан,
Бұзылды бұл өңірдің тыныштығы.
Өртенді түңлік пен туырлық та,
Өңменнен жатты найза суырылып та.
Қазақтың қанға бөкті кəрі-жасы,
Қалмақтың сойылынан ұрылып та.
Тосыннан ойран салып қазақтарға,
Торғауыт көрсетпеген азап бар ма?
Қызын – күң, ұлын – құл ғып қойдай айдап,
Жосылтып жолықтырды азаптарға.
Осының арасында Арай дағы,
Ардабек келе ме деп қарайлады.
Ардабек тобын бастап тауға кеткен,
Дұшпанның жерге жастап талайларын.
Қасында іріктелген жасақтары,
Бесағаш жақтан Əйтей топ бастады.
Жымхайындай батырдың басын алып,
Екпінін үкілеген тоқтатпады...
Қалмақтың Шуна Даба қолбасшысы,
Қазақты қойдай қырған жолбасшысы.
Дұшпанын жеңу үшін Ардабектер,
Жетуге Наурызбайға жолға шықты.
Жол қиын, азабы көп жанға батқан,
Қолында көк найзасы қанға батқан.
Келеді суық-суыт жүріспенен
Алдында бұлтты бояп таң да атқан.
Бітімі бөлек біткен Наурызбайдың,
Жауырыны еске алғызар тау мұздарын.
Мінгендей екі иығы екі жігіт,
Қаймықпас жүрсе ешкімнен жалғыз-жарым.
Мойыны тұтас біткен білеудейін,
Бойы бар үй тірейтін тіреудейін.
Қабақты, қаршыға көз, сергек ойлы,
Жөнсізге мінезі бар шіренбейтін.
Алыстан ақыл тербеп ойланатын,
Ақкөңіл аға алдында той болатын.
Жауларын жанарынан түсінетін,
Жауды жайпау оған көп ой болатын.
Жоңғарды алдына алып өткен күзден,
Келе жатқан беті еді Көктеңізден1
.
Хабарлы алды дағы Ардабектен,
Қарады Айға көз сап көкте жүзген.
Таңбасы Ай мен Тұмар шапыраштың,
Соны ойлап қатырғандай батыр басын.
Ойларын төмендетпей қадірледі,
Жолдарын атамекен батыл басып.
Ай жылап тұрғандайын аспандағы,
Жұлдыздар жер бетінен жасқанады.
Жандарды жазығы жоқ қырғындаумен,
Жоңғарлар болып алды баспаналы...
Бірге ұшып үрейленген кептерлермен
Тыныштық Алмалытау бөктерінен.
Ит ұлып, үй өртеніп быт-шыт болған,
Ойраттың лаңкесті өктемімен.
Бұлақтар жын қаққандай сықылықтап,
Ағады оқ жыландай жұтынып ап.
Қарғалар өлген сəби көзін шұқып,
Сауысқан тілін жейді шықылықтап...
Тұтылды бір кездегі бөрік болған
Алматау бауырындағы көрікті орман.
Қазақтың төрт түлігін қалың қалмақ,
Өзіне меншіктеуге ерік алған.
Тоқтамай құты қашқан өңірге бұл,
Беті ауған жаққа ел босты көңілі тұл.
Бауыры Алмалытау құлазыған,
Көрсетіп жау қолына берілгенін.
1 Бұрын Балқаш осылай аталынған.