12.02.2022
  233


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

БАТЫР БАБАМА БАС ИЮ

Ұрпақтың өскен өркен иесі өзің,
Жолынан əн тамылжып,
күй есетін.
Беу, Баба!
Бес бəйбіше, тоғыз тоқал
Көтерген он төрт отау иесі едің.
Көтерсем шаңырақтың
түндігін мен,
Көремін шырағынан Күнді күлген.
Тағдырың тастан қатты болғанменен,
Тараған бір тайпа елміз кіндігіңнен.
Көтеріп Батырлықтың туын тіктеп,
Тірліктің адамға тəн күйін күйттеп.
Ұрпағың Қырым мен Қытайды асып,
Аймақтан аймақты алды дүйім жұрт боп.
Ойымды жетектейді жыр қияға,
Сұңқардай қанаттанып бір ұяда.
Тар болып көрінгендей қазақ жері,
Таралған ұрпағың бар Түркияға...
Оқиға ақын біткен толғанарлық,
Өлеңге алуан түрлі жолдар алып.
Ақылды, асқан сұлу Жаңыл атты,
Үлкені бəйбішенің болғаны анық.
Қашанда сыр айтады жыр тағылым,
Аспанға шарықтатып ұрпақ үнін.
Өлеңді мен толғамай кім толғайды,
Өрбіген сол əжемнің ұрпағымын.
Тісінде кетпегенсің талағанның,
Орындап жүрдің көңіл қалағанын.
Қырғыз бен қарақалпақ əйеліңнен,
Білемін ұрпақтардың тарағанын...
Қоңырат,
Қаракесек,
Шапыраштан...
Болыпты əжелерде ақылы асқан.
 Қыпшақ пен жағалбайлы қыздарына,
Он қанат отау тігіп жақындасқан...
Ол кезде жаугершілік заман екен,
Батырға болмаған жұрт алабөтен.
Жорықта жолы болған қас батырлар,
Таңдаған сұлуларын алады екен.
Сонымен,
Он төрт əйел алған бабам
Ғасырдан ғасырларға жалғаған əн.
Бір болыс ел болғанда он төрт үйден,
Қазақтар ешқандай да таңданбаған.
Қырандай самғап қонған тұғырына,
Батырлық қанат жайған ғұмырыңа.
Бастырмай топырағыңа торғауытты,
Заманың сомдай білген Ұлы Тұлға.
Өтейтін біздің көп қой мүрəсім жай,
Қалдырған бабам мəңгі мұрасындай.
Самал тау,
Сайын дала
Ел қорғаған,
Кешегі Батырлықтың куəсіндей.
Ол кезде сахарада көргендерің,
Бұл күнде өлеңім ғой өрген менің.
Ол кезде халық берген Батыр аты –
Бұл күннің «пішту» етпес ордендерін...
Курортың – адыр дала, қыратың да,
Ем болып, дем алдырып тұратын да.
Бұл кездің «Мерседесі» жете алмайды,
Өзіңнің Аққояндай құр атыңа.
Болды рас,
Туыс-туған қолғанатың.
Ойларың – жұрттың қамы толағанатын.
Бүгінгі бай-манаптай доллар жинап,
Швецар банкасына салмағансың.
 Өркендеп өскенімен əлем күнде,
Салт-сана əртүрлі ғой əр елінде.
Сыйлығы банкет берген бұл заманның,
Жетпейді ол күннің салт, сəлеміне.
Иə, Баба!
Табынамын аруағыңа,
Туған ем татырмын деп талғамыңа.
Өмірде ұрпағыңды өнерлі ғып,
Ойымды болашаққа жалға, мына.
Иə, Баба!
Табынамын аруағыңа,
Өсіп ем татырмын деп талғамыңа.
Өзіңдей күш бітпеді,
Өнер бітті,
Түлкінің құйрығындай жалғаным да.
Жарықты тақтан емес,
алам Күннен,
Қараған Биіктіктен ғалам сүйген.
Ешкімнің көмегінсіз келем міне,
Бармақтай бақ бітпеген таланттыммен.
Иə, Баба!
Аруағыңа сиынамын,
Көңілімнің шертілмеген күйі қалың.
Медет бер сұңқарыңның самғауына,
Көрсетпе көкжелкемнің ұйығанын.
Сөзімді баяндаймын жалғансыз-ақ,
Мен сенің бəйбішеңнен қалған тұяқ.
Ұйыған ұрпағыңа Шұбартауда,
Оңбаған өкімет кеп салған тұзақ...
Оларға күндестерің жолдас болды,
(Молаңды талқандамақ – оңбас ойы).
Оларды ойранды...
.......кетті ұрпағың
Əйтпесе мендей ақын болмас еді.
Сол кезде бас сауғалап қашқаны анық,
Таба алмай байтақ жерден баспаналық...
 Баяғы əдетіңмен қайран, Бабам,
Сен тұрдың Қарауылды застава ғып.
Батыр ең қару алған қолдарыңа,
Жорықта жолың болған оңғарыла.
Басыңа басын иіп өтпегеннің,
Жазасын бердің жазық жолдарың да ...
Барады құбылумен ғұмыр өтіп,
Шыңдалған жолдарымен шымыр етіп.
Аспаннан ағып түскен ақиықсың,
Арқаның шұбар шыңын тұғыр етіп.
Бұл күнде Қарауылдың басындасың,
Күмбезің куəсіндей ғасырлардың.
Полигон сұмдығынан жерің тозды,
Шындықта шырай болмас жасырғасын.
Аулың да тозды тағы түгі қалмай,
Аталық сөздер де жоқ ұғынардай.
Келімсектер талауда
Байлығыңды,
Алалы əкесінің құны бардай.
Долларға сатылғанды тектемейді,
Не оны өз еліне кет демейді.
«Билетіп жаман үйді қонағына»,
Бірдеме десең оған «өкпелейді».
Суы бар,
Таулары бар, орманы бар
Даланы қан төгумен қорғадыңдар.
Ұға алмай сол ерліктің қасиетін,
Көбейді бұл күндер де толғамы тар.
Көбейді бұл күндерде толғамы тар,
Ашылған алааяқтың жолдары бар.
Даласын да,
Баласын сататындай,
Адамға кездессе егер доллары бар.
Лаулатып жаға көрме түсінбей от,
Айтатын əлі менің ішімде ой көп.
 Айналып жолбарысы мысық болған,
Кеттік біз, Абылайдың түсіндей боп.
Еш пенде ескермеген мұны бұрын,
Тозбасын нағыз алтын сынығының....
Жер тозды
Белі боз-ды.
Ғасыр бойыТозбаған сенің Баба, Ұлылығың.
Жағамын лапылдатып ғұмыр отын,
Ауаңды сары қымыздай сіміремін.
Салт тозды,
Ұят тозды,
Ғасырларға,
Тозбаған сенің Баба, құдіретің.
Өзіңе Жастабандай атың сай боп,
Болса да жеңдің талай қатал жай көп.
Қазақтың қасиетін сақтауменен,
Келесің сол баяғы
Шақантай боп.
Демеймін қазір менің тапқаным көп,
Атады Азаттығым ақ таңым боп.
Айналдым аруағыңнан, Ұлы Бабам,
Арайланып жүре бер мақтаным боп.
Қаңтар, ақпан, 1998 жыл, Алматы





Пікір жазу