ДАУЫЛДАН КЕЙІН
Қол жетіп бейбіт күннің жазына да,
Тойланды жеңіс күні Азынада.
Ат шауып, балуан салып думандатты,
Кенеліп қазына мен базынаға.
Беренкөк дара келді аламаннан,
Таңғалды келбетіне қараған жан.
Қылқұйрықта жүйрік Көкселдір де,
Мың аттан екінші боп сараланған...
Иықты, ұзын бойлы, қара торы,
Ешкімге ұқсамаған дара торы.
Соқпағын келешектің ол ұғынған,
Ұстазы үлгі тұтар – дала жолы.
Ботадай көздерінде лаулаған от,
Қанатты сөздерінің салмағы көп.
Жүзінде уылжыған батылдық бар,
Тұратын тастүлектей тауға тілеп.
Осындай Шақантайдың келбетімен,
Найманның Бас батыры тербетілген.
«Аты кім? Атасы кім?»
Көз тіккенді
«Сүрінтіп жер бетінде ержеткізген?».
Ешқандай мұндай жасты көрмеген ол,
Ас, тойда Азынаға келмеген ол.
Білісті ел басына күн туғанда,
Ерекше көзге түсіп ерлеген ол.
Шақырды Шақантайды:
– Батыр қандай?!
Қонақ қып құрметін жасыра алмай.
Танысты жөн сұрасып бір-бірімен,
Ата-тек əңгімеден басын алмай.
– Арғы атам Жастабаннан таралады,
Бегімбет, Бекназар боп балалары.
Байжігіт дегеніміз өнер қуған,
Пірі боп домбыраның саналады.
Өзен мен бұлақтардың аққандарын,
Аспанда құстар қанат қаққандарын.
Ғажайып күй тілімен ұқтыратын,
Даламда ол теңдесі жоқ жатқан дарын.
Асқардың беткейінде құр ойнады,
Аталды ол екі ішекте «Құройнағы».
Осылай пернелерде сөйленеді,
Адам мен табиғаттың жылы ойлары.
Қазақтың қасиетті би-ағасы,
Туған жер, өскен өлке, қия-тасы.
Домбыра пернесінен тапқан,
Болады ол болашақтың күй атасы.
Деп келіп, Майлы, Жайыр жүрген жерін,
Баяндап айтты Батыр білгендерін.
Жаушыдан естігенде «Жау шапты!» деп,
Буғанын айтты тағы бірден белін.
– Иландым бойыңдағы күш кеніне,
Күмəнсіз толды толық күш сенімге.
Ұлықсат сұрап, атпалдай Айтауырмен –
Таңдандым жекпе-жекке түскеніңе.
Онда сен кім екенің білмейтінмін,
Аяулы көрінсе де күндей түрің.
Айтулы батыр болған Айтауыр да,
Мерт қылып кете ме деп білмей тұрдым.
Қазақтың көп батырын найзаға ілген,
Атақты ол.
...Арпалыстың айғағы ем.
Шашына қырау түскен Айтауырдың,
Сайыста сұсы басым, айласымен.
Осылай қауіптеніп тұрғанымда,
Қайырылып, қатуланып ұрғанына–
Көрсетіп батпандығын қайратыңның,
Ұшырдың ұрымтал ғып ұрғаның да.
Иландым, асып-тасқан күш кеніңе,
Күмəнсіз толды толық іш сенімге.
Ұғындым сонда ғана, сонда ғана
Көкжалдай тəуекелге түскеніңе.
Ойымнан орын алып меңдей бердің,
Тілеймін көбеюін сендейлердің.
Қайда əлгі Шыңқожа батыр жігіт,
Шығатын ширығып көнбей өрге.
Бір жерде оқыс болып қалды ма екен?
Əл де оны жаулар байлап алды ма екен?
Өзіңдей жас батырдың бірі ол да,
Жастайтын жерге апарып жауды бекем.
Қалай да жолбарыстай санарымыз,
Дұшпаннан жасқанбайтын жанарымыз.
Жорыққа кетті ме екен жол таңдамай,
Əл де оған жетпеді ме хабарымыз.
Еласыл осыны айтып ойланды да,
Той қосты, қуанышты тойға мына.
Жаңылдай қарындасын Шақантайға
Берді де
Думандатты ойға-қырға...
Тоғыздан жасау жасап аттандырды,
Жаңғыртып жасандырып жатқан қырды.
Еліне аман-есен жетуіне,
Қол беріп жаңа отауды сақтандырды.