САЙЫС
– Сайран сап, сап түзегем Енесейден,
Ойран сап, олжа алған елес оймен.
Алатау алқабынан ауыл құрып,
Аулыңа қарай енді ентеленем.
Мыңғыртқан төрт түлігің сыйың болар,
Қырғызға қол қусырсаң күйің оңар.
Қызың – күң, ұлың – құл боп, сонау жатқан
Аймағың алақаным жиып алар.
Басыңды и!
Беріл маған! Бала екенсің!
Ботадай болғанменен нар екенсің.
Жоғалтпа ертеңіңді тым ертерек,
Қайғыртпа көңілдерін ана, əкеңнің.
Батылдау көріп тұрмын тұрысыңды,
Деме оған мендей тажал қыры сынды.
Тұяғы тұлпарымның тасты ойған,
Бекерге қандамайын қылышымды.
Осылай қырғыз батыр батылданды,
Сайысқа дайындалып ақырды əрі.
Сабырдың сабасында салмақтанған,
Сөз алып Шақаң батыр ақыл салды:
– Ұқсап ұшқан лашынға,
Аққоян атым астымда.
Беренкөкті еру ап,
Асқардан талай астым да.
Баран, баран, бараннан
Қиянға шауып бара алған.
Аққоян мен Беренкөк,
Асыл тектен жаралған.
Қайтпас қайсар болатым,
Егіз емен қонатын.
Мен жас қыран болғанда,
Қос тұлпар екі қанатым.
Жұмыр болат қалқанды ап,
Жаудың тобын талқандап.
Беренкөкпен жортамын,
Аққоянды арқанға ап.
Баран, баран, бараннан,
Қиянға шауып бара алған.
Ұшқан құстай екпіні,
Қазанат боп жаралған.
Тегіміз бір ежелден,
Қырғыз, қазақ болғанмен.
Қолыңды тарт кезенген,
Бола қоймас ол дəмең, –
Дегенде,
Көк найзасын көкке сермеп,
Болмастан шықты қырғыз
«Жекпе-жек! деп.
Сұранып Бас батырдан, жолын алып
Жауына Шақаң тиді өкпеден кеп...
Бұл екеу жолбарыс па, арыстан ба?
Ала алмай бірін-бірі алысқан да.
Ор болып жатты ізі аттарының,
Қарама-қарсы өзара шабысқанда.
Шаң-тұман шықты қою шабысқанда,
Жан алып, жан берісіп алысқанда.
Жасынның жарқылындай көрінеді,
Найзалар бірін-бірі қағысқанда.
Кездерде қалқандарды қағып өткен,
Жұлдыздар ұшқындады жағып өткен.
Біріне екіншісі ажал болып,
От тастап өртемекші бағына кең.
«Хорғуздап!» айқайлап кеп қарсыласы,
Сүбеден сүңгі тиіп қансырады.
Айырылып қолындағы қаруынан,
Атынан құлап түсіп сансырады.
Айтауыр қырғыз еді батыр болған,
Айқаста талайларға батылданған.
Азына бауырындағы арпалыста,
Жығылып боз теректей жатыр солған.
«Бұғылап!» айқайлады, ұрандады,
Айтауыр содан қайтып тұра алмады.
Аңыз боп қалды артында ел ішінде,
Білсін деп кейінгі ұрпақ ұландары.
«Аруақтап!» Айқайлады қазақ жағы,
Лап қойып қашқан жауды азаптады.
Хорғузды қонысына дейін қуып,
Таңдаған ауылдарын алып қалды.
Жан-жақтан қосылған соң қазақ қолы,
Ашылды алдарынан азат жолы.
Босады қазақ ауылы қолды болған,
Басына қара қырғыз азап қонды.
Аямай қашқандарын дүркіретіп,
Таулардың тас денесін сілкіп өтіп.
Алатаудан əрі қуып тастады,
Түрлерін ел мен жұртқа күлкілі етіп.
Жасаған шабуылы көпке бармай,
Кетті сол тойғанынан беттей алмай.
Қазақтың кім екенін түсінген соң,
Тиіспеді, Малынан да ет жей алмай.
Бұлақтар біріксе көл болатынын,
Түйінін түсіндірді кеп мол ақылдың.
Қазақтар жүз руға бөлінсе де,
Ұқты олар, жұдырықтай болатынын.