ШАҚАНТАЙ БАТЫР
(Тарихи дастан)
БАЯН ЖЫРЫ
Қатал ғасыр,
Қатал Заң
Қазақ жері маталған.
Тарбағатай ол кезде
«Барқытбел» болып аталған.
Ойлары бар көптеген,
Көңілі бар көктеген.
Ол күндердің көзінен,
Қараңғылық кетпеген.
Қаймықпаған қаһардан,
Қазақ халқы қаһарман.
Арналы өзен сол кезден
«Ай», «Таңсық» боп аталған.
Бұл өлкеде мол екен,
Қазақша атау толы екен.
Еміл менен Арқалды
Деген атау жоқ екен.
Қатал заман,
Қатал Заң
Өрмекшідей матаған.
Осы күнгі Қарақол
«Көлденеңсу» аталған.
Аттары бар баптаған,
Зұлымдықты жақтаған.
Қазағыма қасірет,
Қалмақ болып қаптаған.
Болғанымен дала кең,
Тартылған күй зар екен.
Қодар қазған «Шыңырау»,
Сол заманда-ақ бар екен.
Қатпарына көп ойдың,
Қалам тербеп берейін.
Майлы, Жəйір сол кезден
Жайлауы екен Керейдің.
Өңшең ноян білікті,
Жайлар жерді біліпті.
Кезі келген мезгілде,
Көшіп-қонып жүріпті.
Аспанында асқақ əн,
Асқарынан асқан əн.
Қамыс түпті бидайық,
Қамшы өрім бастаған.
Майлы, Жəйір елі бай,
Мəрмəр тасты жері бай.
Шөбі шүйгін масаты,
Қаз-үйректі көлі бай.
Түрлентіп төрт түлікті,
Тұлпар қылып көлікті.
Осы өңірде «Жастабан»,
Елі көшіп жүріпті.
Талай тойды тойлапты,
Шешіп істі толғақты.
Қазан тасты лақтырып,
Қақпақыл ғып ойнапты
Шақантай жас кезінде.
Жасыл жайлау жайлаған,
Мыңғыртып мал айдаған.
Асыл туған арыстың,
Аты аңызға айналған.
Айналасын күйттейтін,
Ешкімнен көмек күтпейтін.
Бұлшығында ойнап дүние,
Бұландай ғып бүктейтін.
Шекара жоқ, кеден жоқ,
Сондықтан да елең жоқ.
Жайылған мал майланған,
Бетегесі белден кеп.
Қалампыр боп атанған,
Қазтабаны маталған.
Жыл он екі ай маусымы,
Шыбынсыз жаз аталған
Жайлауы Абақ керейдің.
Қора-қора қой айдап,
Табын-табын мал айдап.
Төрт түлікке кенелді
Байырғы осы бай аймақ.
Болмай, қорқып үріккені,
Жолатпайтын сырт елді.
Аю алған он жаста,
Шақаң сондай мықты еді.
Мұндай қазақ баласын,
Дəріптейді бар ақын.
Иір біткен еменнің
Бұтағын жұлып алатын.
Оны аға, бауыры
Мақтан еткен ауылы.
Баға жетпес батырын,
Бақ санайтын дəуірі.
Топқа келсе батыл-ды,
Тойға келсе ақын-ды.
Жолда жүрсе көсемше,
Жолдас болған ақылы.
Бесті асауды құрықтап,
Бұзаудайын бүктейтін
«Күш иесі» депті жұрт,
Шақантайдай батырды.
* * *
...Күн туып бірде қауіпті,
Күңіреніп қазақ ауыпты.
Хоргузды1 жайлап жататын,
Қырғыздар оны шауыпты.
Бұл хабарды естіп Шақантай,
Қаһарға мінді жата алмай.
Сəлемін айтты жаушыдан,
«Қалмасын» деп Атантай.
Бес қару байлап беліне,
Хоргуз таудай жерінде.
Тартынбай тартты жас батыр,
Ортақ боп елдің шеріне.
Астындағы Беренкөк,
Шапқан сайын елеуреп.
Қуғанын алдан құтқармай,
Құлағы кетті елеңдеп.
Алатау мен Арқаға,
Жан ұшырып жар сала.
Ат шаптырды Байелі,
Азапты көріп қаншама.
Күдіксіз күнді батырды,
Тағатсыз таңды атырды.
Атантай деген ол дағы,
Жастабан жақтың батыры.
Жамылып шаңды ұлт жолы.
Ұқсады мірдің оғына.
Тып-типыл ғып тастауға,
Тиісті жаудың тобына.
Таңғалтып сай мен саланы,
Жалт қаратып даланы.
Құс болып тұлпар құбылды,
Қурылды жердің танабы...
1 Ол кезде Қорғас өзенінің бас жағындағы Хорғыз тауын қара қырғыздар
мекендеген