12.02.2022
  223


Автор: Өске Торқаұлы

ӨСКЕ АҚЫННЫҢ НАУРЫЗБАЙҒА АЙТҚАНЫ

Өске Қарабалық-Қыпшақ атты елдердің биі болған.
Қазыбек деген кісінің жанында жүріп, ақындық құрған.
Бірақ, би-болыстардың зорлық-зомбылығын күн сайын
көрген Өске Қазыбек бидің жанынан кеткісі келеді.
Өске өз еліне қайтып кеп, бай інісінің қасынан қоныс
салып, қалған өмірін өткізеді. Інісінің үйінде ауыл молдасы болады. Өзі ақын, өзі əңгімешіл Өске күні бойы
молдамен əңгімелесіп, інісінің үйінде болады.
Өске өзі қымызқор екен. Молдамен сөйлесіп отырып,
келініне: «Келін, сусын əкел!» деп қымызды əлсін-əлсін
сұрай берген соң, келіні бір күні былай дейді: «Мешкей
бұрын біреу еді (молда), Құдай енді құзғындай мешкейді
екеу қылды». Мұны естіген Өске қымызды ішпей қоя
салып, үйден шығып, өз үйіне келіп, əйеліне айтыпты:
Ал, қатын, жық үйіңды, арт күркеңді,
Екеуара мінелік бүкір көкке.
Кешкісіне тəуекел белді байлап,
Шарықтан мен ұшамын жиһан-көкке.
Қырыққа келмей атандым құзғын-мешкей,
Осы жазды өткізейін енді қымыз ішпей.
Аузына Троск қонып алып,
Жұрт көшсе де мен көшпен, дуан көшпей.
Сол күні кешкісін бүкір көлікке жүгін артып, Қазыбек
бидің еліне қарай бет қояды. Қазыбек бидің аулына бес
шақырымдай қалғанда, əйелі мен жүгін қалдырып, өзі
жеке келеді ауылға.
Қазыбек би қайтыс болған екен. Жалғыз баласы Наурызбай болыс болып, ел аралап кеткен екен. Үйге кіріп
 
келгенде, 3-4 əйел шай ішіп отырады. Наурызбайдың
əйелі Өскені кісі құрлы көрмей, ішіп отырған самауырдан үш кесе шай береді. Бұған сусыны қанбаған Өске
қымыз сұрайды. Бірақ, қымыз орнына Наурызбайдың
əйелі іркіт ұсынады. Өске іркітті ішпей, қайыра береді
де, далаға шығады. Осы кезде жанында билері бар Наурызбай болыс келіп түседі. Бұлармен бірге Өске тағы да
кіреді. Би-болыстар қайыра-қайыра қымыз ішіп, қызу
əңгімеге кіріседі.
Ерігіп қызған би мен байлар өлең айтуға ұйғарып,
жағалай өлең айтуға кіріседі. Төрде отырған жуандар: –
Өлеңді анау отырған шал бастап айтсын, – деп домбыраны Өскеге береді. Өске іркілмей домбыраны алып,
былай дейді:
Ассалаумағалайкум, би Наурызбай!
Пəнденің дəулет бітсе, көңілі жай.
Өлгенде сүйегіммен бірге кетер,
Шекерсіз бесінде ішкен үш кесе шай.
Япырым-ау, қонақкəде қайдан шықты,
Шекерсіз бесінде ішкен шайдан шықты.
Сабада сары қымыз тұрса-дағы,
Шелектен іріп кеткен айран шықты.
Қартайсаң түрлі қайғы түседі еске,
Жетексіз мен ақсақ нар ерген көшке.
Орнына Қазыкемнің сəлем бере,
Қонаға көк шолақпен келдім кешке.
Науанжан, би-болыссың байтақ елге,
Алмайсың ба қылышыңды буған белге.
Алыстан іздеп келген сарбас аққу,
Жатарға баурым төсеп айдын көлге.
 
Көл түгіл шұқанақтай жоқ мазасы,
Секілді ұсап қалған екенсіз құры шөлге.
«Не нəрсе иесімен» деген қайда?
Көзімнен пыр-пыр ұшты қайран аға-жеңге.
Науанжан, қадірлі інім, жөнге жетік,
Пəнденің дəулет бітсе, көңілі тетік.
Шекерсіз бесінде ішкен үш кесе шай,
Көңілім көтерілсін оған нетіп.
Науанжан, мұнымен көрген күннің бəрі бекер,
Баласын Қарабалық қылдың нөкер.
Көп беріп, көргендіден алсаң əйел,
Əрқашан дос-дұшпаныңа құрмет етер.
Аз беріп, көргенсізден алсаң əйел,
Төсекке бір жатқанын міндет етер.
Бұл сөзді айтқан кезде Наурызбайдың əйелі ашуланып,
шабын тырнап, орнынан тұрады. Оны да көріп қалған
Өске мынаны айтады:
Шүңгіл көз, қайқы тұмсық, қотыр келін,
Үрпиіп тұра бермей отыр, келін.
Көргенсіз сендей жанды көргенім жоқ,
Қолыңа жаңа тиді ме бұтың, келін.
Айтамын айт деген соң айыбың, келін,
Мейманның неге таппайсың бабын, келін.
Оңбаған, сендей жанды көргенім жоқ,
Қолыңа жаңа тиіп тұр ма шабың, келін.
Науанжан, менің айтқан тілімді алсаң,
Бұл иттің кесіп таста тиген жерін.
Ататегі əуелден оңбай кекеңдеген,
Өмірінше бел-бұты бекімеген.
 
О-дағы желім қайыс кемпір еді-ау,
Түндігін жауып қойып, етін жеген.
Түндігін жауып қойып, ет жегенше,
Жарықта жақсы емес пе көтін жеген.
Науанжан, қанша жақсымын десең-дағы,
Ақылың толып жатыр əлі де жетілмеген.
Бұл сөзден соң Науан орнынан ұшып тұрып, əйелінің
жамандығын бетіне басып, балағаттап ұрсып, үйінен
табан аузында қуып шығады. Отырған халық абыржып,
асып-сасып, болысты ақылға шақырып, араша тұрады.
Сонда отырып, болыстың жанында жүрген Бекназар
деген би: – Құдай мына қайыршыны қайдан əкелді, ордамызды ойранға түсіріп? – деп Өскеге алая қарайды.
Өске оған қаймықпай былай дейді:
Жайыңа текке отыр, Бекназарым,
Сен неге жамандадың, Жамақадай ел базарын?
Белгілі сен салауатың болмаған соң,
Не керек құр мақтану, сенің-дағы білем жайың!
Мен дағы мақтамаймын Жараспайды,
Байлығына оның қазақ таласпайды.
Мұқатай жалғыз сиыр сауып отыр,
Мұқажалға бір ешкі де қараспайды.
Айтқанда Жамақайды қалшылдайсың,
Жүзіндей ұстараның жарқылдайсың.
Өзіңнен тауып айтқан бір сөзің жоқ,
Кім айтса, соны қостап барқылдайсың.
Өске бұдай кейін Қыпшақбай биге:
Қыпшақбай, би болыпсың алпыс бесте,
Құданың құдіреті ғажап емес пе.
 
Төреңді түзу бермей, қисық берсең,
Маһшарда тартыларсың темір іске.
Сен мені танымасаң, ел ағасы,
Алтындай қадір білсең тон жағасы.
Кіреді киіз қазық жерге барып,
Қолыңда мықты болса қолағашы.
Торқаның бұқа тамақ мен Өскесі,
Аруағына Қазыекем келіп едім,
Əуелден бірге өскен ерке Өскесі.
Қазыбектің баласы Наурызбай – жаңа заң бойынша
бірінші болыс болғандардың бірі. Қазыбек би өзі шешен,
өзі əділетшіл би болған деседі. Ал, Өскені «Бұқа тамақ»
деуінің себебі, өлең айтқанда тамағының тамыры білеуленіп кететін көрінеді. Сондықтан «Торқаның бұқа тамақ
Өскесі» дейді екен.
 
* * *
Бұл кəрілік бір даусыз дерт екен ғой,
Мынау, алпыс кемшілікке серт екен ғой.
Қартайғанда алды-артыңды байқамасаң,
Адамзат аяқ астынан мерт екен ғой.
Адамның бір қаруы тіс екен ғой,
Тіссіз тамақ ішуің күш екен ғой.
Алпыс екі тамырдан қуат кетіп,
Əншейін құр қарасын кісі екен ғой.
Көз қайда, айнадай боп жайнайтұғын,
Сөз қайда, бұлбұлдай боп сайрайтұғын,
Тіс қайда, қашырлатып шайнайтұғын,
Тамақ қайда, ішкенде тоймайтұғын.
Ақыл қайда, жер түбінен ойлайтұғын,
Қайрат, жігер бəрі де жастықта екен,
Дұшпаннан ерегіскен таймайтұғын.
Бұл кəрілік бірте-бірте алып жатыр,
Сорымыз бір-ақ күнде қайнайтұғын.
 
* * *
Өске ақынның тұстасы Бағаналы Ерден аға сұлтан
екен. Бірақ, əнші-ақындарға алым бермейді екен. Бір күні
халық «сен қанша ақынмын десең де, Ерденнен ешнəрсе
ала алмайсың» деседі. Сол сөзге ерегесіп, Өске Ерденге
барып өлең айтады:
Ассалаумағалайкум, батыр, Ерден!
Бақытың дəулетіңмен кетті керден.
Мың қарғаның ішінде жалғыз бүркіт,
Көзіме көріндің ғой келген жерден.
Естушы ем арғы атаңды Ерден – Дулат,
Келеді қара аруақ содан құлап.
Қапталдан қара аруақ қалмай келед,
Мылтықтың түтініндей будақ-будақ.
Сұңқардың екі мұртың жебесіндей,
Ақылың Ніл дарияның кемесіндей.
Қатардан биіктігің озат туды,
Күн шалған Алатаудың төбесіндей.
Сонда Ерден: – Тоқтат! Осы үш ауыз өлеңіңде менің
айтыларым айтылды. Өлеңшіге малым жетпей, алым
бермей жүргенім жоқ, аузына келгенін тантыған соң, ешнəрсе бермейтін едім. Аларыңды аларсың, – деген екен.
Ертеңінде Ерден Өскені аттандырмақ болып, тысқа
шығады. Қасына бəйбішесі, бес-алты баласы ере шығады. Өске баладан да сый дəметеді.
Қалқам-ау, жас құлын енесінен кете алмайды,
Тай берсең, жерім алыс, жете алмайды.
Есілден құнан берсең, өте алмайды,
Есілден дөнен берсең өтер еді,
Су өткен тісеу дөнен ет алмайды.
Шырағым, не айтарға, не қайтарға,
Ағаңның көңілі кетті бір байталға.
 Əкең айғыр берді ғой, сен байтал бер,
«Ерден көктің үйірі» деп айтарға, –
дейді. «Ерден-көк» деп «өргіз» деп, «Ерден» байтал
бергізеді.
Өскежолаушылап кележатып, екі-үш жолдасымен бір
байдікіне қонады. Үй иесі қой соймай, өлі ет асып береді. Өске оған разы болмайды. Жатарда Өске қонақкəде
істеп, үй иесімен далаға шықса, сорпа-су ішіп жатқан иті
ырылдайды. Сонда Өске ақын:
Іше бер өкпелемей, күшім құтпан,
Сен түгіл, мен де жедім жарты бұттан.
Иеңіз тоқты сойып құрмет етсе,
Деп едім ет жегенде сені ұмытпан.
Айбынды ит екенсің, түсің суық,
Күрілдеп қабайын деп келдің жуық.
Үлкен кісі болған соң қызмет еттің,
Қорқып ем қаба ма деп үйге тығып.
Пендеге таусылмайды шашқан нəсіп,
Пенде қалай шыдайын тамақ тесік.
Алдыма табақ толы ет əкелсе,
Тартар ем саған сүйек шала кесіп.
Сыйлады иең сені маған қоса,
Орайсың бөрі көрсең алдын тоса.
Иттікпен қызмет етіп жүр екенсің,
Сенің де көрген күнің осы болса.
Бұл елге келген жоқ ем мұнан бұрын,
Жақсы ауыл дегеннен соң еттім ұрын.
«Аштан тəубе табылмайд» деген бар ед,
Жоқ па еді жейтұғының айыл жырым.
Бұл үйге мен де қонақ, сен де қонақ,
Саларсың көк шолаққа көзің қырын, –
дейді. Үй иесі ұялып, таңертең қонақасы беріп аттандырған екен дейді.





Пікір жазу