12.02.2022
  163


Автор: Түбек Байқошқарұлы

ТҮБЕК ПЕН ТЕЗЕК ТӨРЕ

Сыбан Түбек ақын Албаннан келе жатып, Алтынемел
тауындағы Тезек төренің ауылына келіпті. Тезек күмбез
тұрғызып жатыр екен. Елдің ешкісін қырықтырып, жүнін
батпаққа қосып айдатып, кірпішті өртетіп, қыш қылып,
тірлігінде өзіне мола соқтырып жатқан болса керек.
Тезек Түбектің келгенін біліп, ханым, ханшаларымен
шымылдықты түсіріп отырып алыпты. Інісі Əбілезге
(Əбілпейіз): «Сен Түбектің жүрегін шайып жібер», – дейді.
Үйге Түбек кіре бергенде, босағадан қылышпен Əбілез
тап беріпті.
Сонда Түбек:
Ассалаумағалейкүм, Əбілезім!
Шаған, Бұғы, Шалтекеден көрінді көк күмбезің.
Атаң ноғай болғанда, сүйегің – сарт,
Тартқан-ау жаттығыңа бұл мінезің.
Хан, төрем, кереуетте жатысасың,
Қолыңа дес тиген соң, падишасың.
Зордың бəрі Құдайға теңдік берсе,
Серкелермен мақшарда атысарсың.
Төрем, сенің кигенің – сары тоның,
Сары орыс келгеннен соң болды жолың.
Кешегі Орымбектің заманында
Талайды тырайтқан – осы қолым.
Онан шымылдық ішіндегі ханшаларды шалып
айтқаны:
Қойды ғой бүркендіріп мына Құдай,
Берсейші ашып тастап, апырым-ай!
Бетіңді ашсаң-дағы, жапсаң-дағы,
Төреге білдірмейсің бұзығыңды-ай.
Жабасың бармақ басты сызығыңды-ай,
 
Құл мен құтан, жылқышы, ұры-қары
Көреді, ханшалар, қызығыңды-ай.
Түбек осылай дегенде, Тезек шымылдықты ашып жіберіпті.
Сонда Түбек іркілместен былай депті:
Түбек енді сөйлейді іші қызып,
Ашуланса, аузына пірі түсіп.
Қызығып қызығына, қатын алып,
Жəдігөй боп жүр едім аузым пісіп.
Шыли қызыл неме екен алғаныңыз,
Түфəй-түфəй, бəлекет, ұшық-ұшық!
Сонда Тезек: «Өзімді жаманда», – депті.
Түбек:
Ассалаумағалайкүм, Тезек төре,
Тұқымыңа келер-ау кезек, төре.
Алым ап, жер бетінде түк қоймаған,
Ынсабын сайтан алған, кезеп төре.
Хан Тезек, жегеніңмен ептес деймін,
Тендік сөз құлағыңа жетпес деймін.
Даусы хан Тезектің тай тепкендей,
Өтірігің тіпті көп іш кепкендей.
Соғып жатқан молаңа орныққан соң,
Артың жым-жырт болады су сепкендей.
Қараңғы кеш батқан соң, ымырт болар,
Қойдың сүтін қайнатса, құм құрт болар.
Тəкаппар тұқымыңның бұл қылығы,
Арт жағы да су сепкендей жым-жырт болар.
Тезек, Əбілез төрелер Түбекке не дерін білмей: «Сөзді
доғарып, тілейтініңді тілесеңші», – депті.
 
Түбек:
Мен өзім Айт, Жайнақтан бура ап келдім,
Бураны Саурық ерге тура ап келдім.
Саурықтан бес түйе мен бес жорға алып,
Алтындай кер құлыным, заулап келдім.
Қыран бүркіт, жүйрік ат міне алмадым,
Таба алмай осы екеуін, сұрап келдім.
Бұл арада бірқатары есікті ашыпты. Батсайыға оранған
Тезектің Байқоңыр деген бəйбішесі үйге кіріпті. Есік ашқан
əйел:
«Ей, Түбек, ақын шал, тіл мен жағыңа сүйеніп, елді
жайладың. Ат алдың, түйе алдың. Мына келген – Тезектің
үлкен бəйбішесі. Мұның келген жайы: екеуінің бірін-бірі
талақ қып, араздасқалы – алты күн. Екеуінің ортасын
дəнекерлеп, жапсарлап, ақын болсаң, жайлағын», – депті.
Түбек:
Қызы еді Найман елдің, үлкен ханым,
Бұл келген соң құралған малы-жаның.
Үлкенді үлкен, кішіні кіші білмей,
Көрінді ғой кітаптан осы балың.
Қырғыздың алып апсың бұзықтарын,
Құдайдың байқаймысың сызықтарын?
Көріне жау қойнына жатқаннан соң,
Болған-ды бəйбішенің көңлі жарым.
Түлкінің бөрі ере ме ойынына,
Жатқан соң жау қырғыздың қойынына?!
Уа, төрем, қорық Құдайдан, қайт райдан,
Кір бүгін бəйбішенің қойынына.
Қазынаның аузын ашпай, балталайсың,
Мас болып, құндағыңа шалқалайсың.
«Баяғы Абылайдың ұлы едім», – деп,
 
Бетіңді пердеменен қалқалайсың.
«Талақ» деген кəпірдің аты жаман,
Кесірді таудай қылып арқалайсың.
Тезек: «Түбегім, бердім. Бірақ жаман қатын еркектен
не мінезімен қалады екен? Ақын болсаң, осыны айтшы», –
дегенде,
Түбек:
Хан Тезек өнері бар мерген шығар,
Қасына қырық мерген ерген шығар.
Арқарды құлжа менен қуа-қуа,
Саяттан ел жатқан соң келген шығар.
Ордаға Тезек жақын келгенінде,
Үстіңнен бір тік аяқ өрген шығар.
«Алты айға қаңғытармын сен күңді», – деп,
Құдайға сонда уəде берген шығар.
Кəрі бие қартайған соң күйлі болып,
Тойған соң пішенесі ерген шығар, –
депті.
Сонда Тезек Түбектің дəлдеп тигеніне қарқылдап күліпті. Бəйбіше де ырза боп, жымыңдапты. Хан мен ханымы
сол жерде жадырасып, бір дастарханнан дəм алысыпты.
Тезек Түбекті неше күндей мейман қылып, қалаған қыран
құсы мен жүйрік атын беріп аттандырыпты.





Пікір жазу