12.02.2022
  175


Автор: Түбек Байқошқарұлы

ТҮБЕК ПЕН ЖƏМШІБАЙДЫҢ АЙТЫСЫ

Найман Бояубай байдың аулында Жəмшібай өлең айтып,
əн шырқап отырған үстіне кіріп келіп, өлеңді қоя берді
Түбек.
Түбек:
Өлеңді айтушы едім жылқылдатып,
Сөйлеуші ем шаршы топты дуылдатып.
Баласы Сүйіндіктің неме керек?
Шіркінді мұнша қолдап, сұңқылдатып.
Жəмшібай:
Кей адам, айтса-дағы, сөзге көнбес,
Мен сөйлесем, қай адам құлақ салмас?
Арғын – аға болғанда, Найман – іні,
Арғында жүйрік туған мен-ақ алмас.
Түбек:
Өлеңнің текшелеулі қоймасымын,
Ақынның өзім сынды данасымын.
Байқарадан он алты ақын шыққан,
Ақтайлақ, Қарабайдың баласымын.
Жəмшібай:
Сұрасаң, менің бабам – ақын Көтеш,
Тиген жоқ Жəмшібайдай ешкімге өңеш.
Атам Көтеш болғанда, ағам – Сақау,
Алдыма жанды қара түскен емес.
Түбек:
Ақылдының кім біледі жақсы жолын,
Шіриді-ау, өлгеннен соң, қызыл тілім.
Көтешті қасқыр жеген несіне айттың?
Тантиды Арғын мақтап өлген құлын.
 
Жəмшібай:
Сен – Найман, жаулықпен тонап алдың,
Тұманға ашылмастай сөйтіп қалдың.
Найманның сендей шалы текке өледі,
Бір өзіне он ердің құнын алдым.
Түбек:
Ашулансам, алармын айлығыңды,
Шындасам, қойға алмаймын тайлығыңды.
Көтенің сонда ашылар, Арғын бала,
Менімен салыстырсаң байлығыңды.
Жəмшібай:
Ертеңгісін қожа тұрар азанменен,
Пенде барар дозаққа жазаменен.
Байлығыңды, ел Найман, көріп тұрмын,
Қайнатасың шайыңды қазанменен.
Түбек:
Мен барып, сіздің елге келгенім жоқ,
Жамандық көрсем-дағы, өлгенім жоқ.
Үйіне Қуан байдың барып едім,
Самаурын, аяғын көргенім жоқ.
Жəмшібай:
А, Түбек, олай десең, болдың мешеу,
Пұлына жарамайсың енді көсеу.
Қуанның айналасы – алпыс ауыл,
Самаурын бір үйінде төртеу-бесеу.
Түбек:
Жəмшібай, меніменен таласасың,
Өз мінің мен сөйлесем, жарасарсың.
Үйіне Əлі төрем кіріп барсаң,
Жол таппай самауырдан, адасарсың.
 
Жəмшібай:
Ар жағы ұлы Ертістің – Қара терек,
Өлеңнің білуші едім барлық сырын.
Найманнан бір жақсы үйді таба алмадың,
Түбі естек неме керек кірме төрең?
Түбек:
Жəмшібай, білгендейін көки берме,
Еліңнің аса жиған мүлкі бар ма?
Кетіпті Бояубайым сенен асып,
Елінде бұл сықылды жылқы бар ма?
Жəмшібай:
Өлеңім, аққан судай толқығансың,
А, Түбек, ақын болсаң, өлеңмен жең.
Қара мал жылқы малды таппай ма екен?
Қойы бар Байқұнанның он екі мың.
Түбек:
Сыйынар дін мұсылман бір Құдайға,
Кіреді иманды құл кең сарайға.
Құдай берген көп малдың есебі жоқ,
Жетеді қандай адам Наурызбайға?
Жəмшібай:
Сөйлеткен мені мұндай Жаппар Құдай,
Мен шыққан Сүйіндіктен бір сұр таңдай.
Көкдомбақтың сыртында шыр айналып,
Толықсып сыймай жатыр Атығай бай.
Түбек:
Үкі таққан жарасар қара көкке,
Түбек атым жайылған талай көпке.
Құдай берген көп малдың есебі жоқ,
Еліңде жетер кім бар Найзабекке?
 
Жəмшібай:
Сөйлеткен жастан мені бір Құдайым,
Мен неге, байлық айтсаң, тоқталайын?
Мəшін, Туғанбайым бар Айдаболда,
Пиғыл бар, Мəлік пенен Ақпан байым.
Түбек:
Темірден аяғыма салған таға,
Артылған көп ақыннан біздің баға.
Құдай берген көп малдың есебі жоқ,
Алаштан асып шыққан Серғазы аға.
Жəмшібай:
Жылқысы Темірболат қара көктен,
Найманға мен сөйлеймін өктем-өктем.
Береді үйір-үйір қысырақ матап,
Байыңды айт, қане, асарлық Əлімбектен.
Түбек:
Ойға алар дін мұсылман бір Құдайды,
Өлеңге Түбек қардай бұрқырайды.
Жүз алпыс түйе өзінен боталайды,
Айтамын, ашулансам, Əңгірбайды.
Жəмшібай:
Жайлауға, ыстық түспей, ел келмейді,
Дауысым, өлең айтпай, жөнделмейді.
Қабылдың көп жылқысы суға түсіп,
Басқа малы Ертіске жол бермейді.
Түбек:
Жəмшібай, менімен ісің бар ма?
Таласарлық менімен күшің бар ма?
Елімде Көшелектей шонжарым бар,
Соған лайық табарлық мінің бар ма?
 
Жəмшібай:
Сыйынары дін мұсылман – жалғыз Құдай,
Құдайдың кім таласар берген бағына-ай.
Күнтайдың немересі Əйтімəлі,
Япырмай, сол кəріңнен кейін-ақ па?!
Түбек:
Сөйлеткен мұнда мені Жаппар Құдай,
Тіліңді тарта сөйле, əй, Жəмшібай.
Өзінен ат-шананы алып тұрсың,
Осы отырған алдыңда Əйтім қалай?
Жəмшібай:
Тіліме қуат берген бір Құдайым,
Несіне, «Тай алдым» – деп, қорғалайын?
Əйтімді сырттан сатып жібермей ме,
Қуанның ортаншысы – Молдабайым?
Түбек:
Елінде байың жоқ боп Əзірбектей,
Сөйлейсің Найманға кеп сен Қуанды-ай.
Үш мың өгіз сомасын қолға ұстаған,
Бұл күнде болды көпес бос темірдей.
Жəмшібай:
Мұсылман жалбарынар жалғыз Хаққа,
Тəңірінің кім таласар берген бағына?
Байлықта көпес болып кім жетеді –
Алты əлем атын білген Қазанғапқа,
Түбек:
Мінгенім дəйім менің қара кер-ді,
Мінгенде, əсем басып жүрер еді.
Найманның тағы да бір байын айтсам,
Байым бар көше алмайтын Тілеуберді.
 
Жəмшібай:
Қарап тұрсам, бұл Түбек сөзден сасар,
Сөздері Жəмшібайдың судай тасар.
Бəріміз – бір Арғынның баласымыз,
Байым бар Қарауылда Жабар Шаншар.
Түбек:
Сыйынар дін мұсылман бір Құдайға,
Барады иманды құл кең сарайға.
Найманның ар жағынан байлық айтсам,
Жетеді қандай жаның Қазытайға?
Жəмшібай:
Мінгенім – дəйім менің қара көк-ті,
Білерсің, таныр болсаң сөздің тегін.
Алдажұман байым бар Алтай-Қарпық,
Тағы бар Мұрат пенен Игілігім.
Түбек:
Сыйынар дін мұсылман бір Құдайға,
Кіреді иманды құл кең сарайға.
Бір шеті Алатауда шаруасының,
Елінде кім жетеді Момын байға?
Жəмшібай:
Ел Найман, тіпті Арғыннан асқаның жоқ,
Байлығың неге керек? Бас қамың жоқ.
Татырлық Момын байға Сайдалым бар,
Аймағын Аққошқардың басқаның жоқ.
Түбек:
Сыйынар дін мұсылман бір Құдайға,
Құдайдың кім таласар берген бағына?
Қарыға нақ Найманнан сөз сөйлейін,
Келейін Бəтші ұлы Жүсіп жаққа.
 
Жəмшібай:
Базардан алып келген жасыл маңдай,
Талай жан қолын артып асылғандай.
Мақтама қу қайымға жүйрігіңді,
Зəкөншік азар болса Жүсібіңді-ай.
Түбек:
Өлеңді айтушы едім егілдіріп,
Сөйлейін бастан-аяқ төгілдіріп.
Өрдегі Найманға кеттім көшіп,
Бір жағын қабырғаның сөгілдіріп.
Жəмшібай:
Əуеде ұшып жүрген сары шымшық,
Келеді шырайлы өлең жаңа түсіп.
Шорманның барсам көшіп Мұсасына,
Тапжылтпас, алқымыңнан бір-ақ қысып.





Пікір жазу