11.02.2022
  118


Автор: Құл-Керім Елемес

ЕКІ АРЫСТАН

Мен өзіңмен сырласпаған пенде емес,
Аяр досым, ал қанекей, жөнге көш.
Сенің көңілің көңіл екен, мақұл-ақ,
Басқанікі гүлзардағы «сембе» емес.
Менің бағам сенен тиіттей кем де емес.
Мендегі ми ақылдан да кенде емес.
Қайран менің адамшылық арым-ай,
Безбүйрекке бәйек болған еңбегі еш.
Қиып түсер ақ дүзіндей алмастың,
Намыс, ұждан мейлі кезек алмассын,
Мені мен деп құп ал, алма, бірақ мен
Битке өкпелеп тонымды отқа салмаспын...
Жауың болсам жасын ұрып мерт етпей,
Баяғы «әнді» қайталайсың ертектей...
Шегірткенің айғырынша жер теппей,
Еркектерге мінез керек еркектей!
Адам болу қиынырақ десек те,
Қиынырақ төзе білу өсекке...
Қиын, қиын, қылмыс тіпті кешкісіз,
Орын беру тұлпар тұрып, есекке!
Мінез, көңіл екі басқа өрісте,
Құпта мейлің, шығар оны теріске.
Арым менің мінезімді жақтайды,
Дейді «өлсең де шындық үшін беріспе!»
Махаббаттың маздап жануы әр үйде,
Ол, көңіл ғой, көңіл шіркін кәри ме?
Бірге туып, бірге жасау үшін де,
Көлдей көсем көңіл керек, әрине!
Жараспайды сый, құрметке шен, шек, қыр!...
Ағытайын осылай бір емсек сыр:
Мінез, көңіл – екі арыстан, арбатпай,
Ақылға сап әр екеуін теңшеп тұр!





Пікір жазу