11.02.2022
128
ҰЙҚЫ
Келді де түн жұтып алып Күнді арбап,
Қара жерді жаншылады бауырында.
Жұлдыз – шәші үрпе-шүрпе дудардай,
Қан-сөлі жоқ бозарады Ай сауырында.
Сіміріп ап қара түнек қасіретті,
Бір қор етіп талып кетті тіршілік.
Содан бір түн, жоқ, мүмкін, бір ғасыр өтті,
Ұйқылы үміт қылшасынан қыршылып...
Аңқа кеуіп Азаны жоқ аймақта,
Балапан – таң жұмыртқасын жара алмай,
Іріп кетті ұйқылы түн ішінде,
Қауызында қаңсып қалған аралдай...
Тапжылман соң тарамайды қан бойға.
Шырын түстен жүйке тоны сүзілді.
Ғамалсыз түн мен салатын ән қайда?
Қорылымнан қобыз ішегі үзілді...