11.02.2022
  102


Автор: Құл-Керім Елемес

ГҮЛ – БАҚ

Қуанышым деп біліп өзіңді мен,
Сені қалай сүйгенімді өзім білем...
Сен талайдың қарманса қолы жетпес,
Бағындағы бақыттың сезім гүлі ең.
Жарқ-жұрқ етіп жүруші ең жасылдардай,
Тоқсан гүлдің ішінде асыл қарға-ай!
Ғашық болып сыртыңнан өртенуші ем,
Сүйемін деп айтуға дәтім бармай.
Қарындасым деуші едім, «мен кім» десең.
Ал, ағаңмын дегенге сендің бе сен?
Бір жақсылық нышанын елестетіп,
Мүмкін, талай түсіңе ендім бе екем?!
Мүләйім ең, тым нәзік, сылық та едің...
Қармағына талайдың ілікпедің.
Сонда менің сыртыңнан ғашық болып,
Жүргенімді ішіңнен біліп пе едің?!
Білдің, білем...
Қажеті аз оттың басқа!
«Ақын едің, – дедің де, – екпінді, асқақ»...
Қақ жарылып қарсылықтар қала берді,
Бақытыңның бағына кеттің бастап!..
Шүкір Хаққа, келеміз содан бірге,
Содан бірге сүңгідік қоғам дүрге...
Екі ұл, бір қыз өсірдік тәрбиелеп,
Жаным мүрде болған жоқ, жағам кір де...
Тек көшкенді Хаққына «қай көш» дедік.
Жерде тұрып аспанға әй көшпедік...
Тапшылықтар болды ептеп – Тәңір сыны,
Оған бола, сан шүкір, шәй деспедік.
Тәңір Өзі салды кеп ақ жолына,
Жалғыз діні Ислам – хақ жолына!
Мәңгілікке баста Өзің Тәңір, енді
Ауып малғұн қалмайық қап жолында?!
Қараңғыдан шығардың жарыққа Өзің,
Біздей пақыр тірілттің ғарыпты Өзің.
Біздей пақыр тірілтіп ғарыпты Өзің,
Жарығыңмен таныттың жарық көзін.
 Енді бізді көрліктен сақа, Құдай!
Сақта Құдай, нұрыңмен сафта, Құдай!
Күнәмізді бар қылған мағфират қып,
Тозағыңа қор етер атпа, Құдай?!
Күнәмізді бар қылған ақта, Құдай!
Ақта Құдай, тек Өзің жақта Құдай!
Иесі Өзің ілімнің, ешің бізді,
Даналықпен, іліммен нақта, Құдай?!
Сенсіз біздің ісіміз қаран, Аллаһ!
Жейтініміз, ішетін харам, Аллаһ!
Сенің ғана рахым етуіңмен,
Бөлдік әрең малғұннан араны, Аллаһ!
Бөліп әрең малғұннан араны, Аллаһ!
Сапалақтан айырдық сараны, Аллаһ!
Сапалақтан айырып сараны, Аллаһ,
Әрең таптық Өзіңдей Дараны, Аллаһ!
Әрең тауып Өзіңдей Дараны, Аллаһ!
Ақтан хақпен айырдық қараны, Аллаһ!
Ақтан хақпен айырып қараны, Аллаһ
Жаздық нұрмен жандағы жараны, Аллаһ!
Жазып нұрмен жандағы жараны, Аллаһ!
Әдеттегі өшірдік пәрәні, Аллаһ!
Әдеттегі өшіріп пәрәні, Аллаһ,
Амал менен өсірдік шараны, Аллаһ!
Сенің нұрлы сөзіңді қуат қылып,
Хақ иманға рухтағы суат қылып,
Өзімізді сонымен өздеудеміз,
Құдіретті бұл неткен қуаттылық?!
Бойды билеп бір кезде мәнсіз шүпір,
Бізді күтіп тұрыпты сансыз шұқыр...
Содан өттік Сен салған сара жолмен,
Шүкір, шүкір, сан шүкір, сансыз шүкір!
Сансыз мадақ Өзіңе, Жарылқаушым!
Сенің ғана ырқыңда жарылқау шын!
Сен ғанасың бақытты ететұғын,
Жарылқай гөр мәңгі Өзің, Жарылқаушым?!
Әмин!





Пікір жазу