11.02.2022
  107


Автор: Құл-Керім Елемес

ЕСКЕРТУ

Ей, жазушы, ақындар!
Деп түсінер өздерін,
Ақиқатқа жақындар!
Келгілерің шындыққа,
Келсе шындап жақындар,
Менмендікті тәрк етіп,
Өздеріңнен асыңдар!
Ұйқыдағы оянып
Халдеріңнен тұрыңдар!
Хақсыздықтың пердесін
Ойларыңнан сырыңдар!
Хақты танып Абайша,
Хаққа мойын бұрыңдар!
Хаққа бұрып мойынды,
Сапқа таза тұрыңдар!
Хақтан тілеп кешірім,
Сәждеге бас ұрыңдар!..
Содан тапқан танымда,
Мәңгілігің, нұрың бар...
Шындық алып ол анық,
Келеді әлі ертеңдер...
Бұйыртса олар болады,
Хақ жолдағы өркендер!
Жеткізбеңдер оларға,
Өтіріктерді өртеңдер!..
Сөйтіп Хаққа хақтанып,
Жайыңдар да желкендер,
Жалғандықты қойыңдар
Жазғышпын деп желпеңдер!..
Ал қазір ме, анығы,
Шеттеріңнен дүрсіңдер...
Шеттеріңнен ірісіңдер...
Екінші әлі ешкім жоқ,
Тек бірінші... бірсіңдер!..
Анығы өстіп алданып,
Жер сыпырып жүрсіңдер!..
Соны білмей тоқсыңдар.
Ойша ерек топсыңдар!..
Олай емес, шын жауы –
Нәпсіге атқан оқсыңдар...
 Нәпсі айтқанын қылған соң
Бар сияқты жоқсыңдар...
Хақты танып, себебі,
Хақты жазған жоқсыңдар!..
О жайлы айтсақ нақ шыны,
Жүрсіңдер құр алданып!
Шайтанға еріп, көңілдің
Қалауына малданып...
«Хақ бар, Жалғыз Жар Солға»,
Нанбай босқа салданып!..
Ол жаратқанды Өзінен,
Айыра алмай далданып!
Өнерге анық шынның тек,
Көлеңкесін қолданып!..
Соны өнер деп жүрсіңдер,
Құранға анық бір бармай!
Бармаған соң Құранға,
Жанда шындық бүр жармай!
Тым құрыса Абайды,
Оқып, олша ойламай.
Абай жеткен шындықтың
Шүңетіне бойламай...
Абай нанған Аллаһқа
Анық, тура бір нанбай!
Нанып, Хақтың нұрына
Абайдайын нұрланбай!..
Бойын алып біреудің,
Көзін алып біреудің,
Ойын алып біреудің,
Сөзін алып біреудің...
Тек сезімді қуалап,
Жасап жалған кейіпкер.
Тарихта өткенді,
Тап бүгінгі кейіпте:
Ол етпегенді еттіріп,
Ол ішпегенді іштіріп...
Мал сияқты жүргізіп,
Құс сияқты ұштырып...
Жатырсыңдар...
Жалған ба?
 Хақтай сеніп жалғанға,
Жалған мынау Жалғанда,
Жалған қосып жалғанға!..
Құдайсыздар сенімін
Ап тастаған жүрекпен
Жырлайсыңдар немесе,
Құдайы жоқ құр етпен!..
Сомдаған боп тұлғаны,
Қарсы шықсаң Құдайға,
Сөйтіп Оның шындығын
Бұрсаң Құдайға ұнай ма?!
Жо-жоқ өйтсең қор қылып
Қарғамай ма Құдай да!
Қарғыстының өмірі
Айналмай ма лайға?!..
Әй, жазушы, ақындар,
Хақтай сеніп жалғанға,
Жалған мынау Жалғанда,
Жалған қосып жалғанға,
Жазғаныңа алданба!..
Оған өзің, өзіңдей
Хақ білместер алданар.
Хақ білместер алданып
Хақ білгенше малданар!..
Ал Хақ,
Сосын Хақ сенген
Оған әсте алданбас!
Олар оқып, ол анық,
Жалған сөзді малданбас!
Жалғанынан білгірлер
Тірісінде құтылған...
Сөйтіп Хақтың сыйынан
Емес олар ұтылған!..
Біз де, ендеше, осынау,
Екі келмес Жалғанда,
Жалғанымызды өшіріп,
Расымызды өсіріп,
Айналайық растар,
Армандайтын арманға!
Әй, жазушы, ақындар!





Пікір жазу