СӨЙТЕ ҒОЙ, БАЛАМ
Аллаһ тағаланың разылығы ата-ананың разылығында болады екен де, ал Аллаһ тағаланың ашуы ата-ананың ашуында болады екен...
Жақсы бала болу үшін,
Жүрек нұрға толу үшін,
Бала әуел мыналарға,
Керек көңіл бөлуі шын:
Сөз тыңда да санаңды аш,
Ата көрсең саламдас.
Тіпті кімді көрсең де,
Қол берісіп амандас!
Сөйтсең олар елбіреп,
Жүректері елжіреп,
Ақ батасын жаудырар,
Көзден жасы мөлдіреп.
Тілек тілер «көгер» деп,
«Жақсыларға көп ер» деп!..
Сол тілекпен сенің де,
Көсегең, біл, көгермек.
Бос шаппа еріп дүрмекке,
Бақыт деген құрметте.
Ұстаз – екінші ата-анаң,
Ұстазыңды құрметте!
Ақылды боп, алтыным,
Ата-анаңның ал тілін.
Болар бала өседі,
Қамын ойлап халқының.
Әдеп сақта әр істе,
Һәм үздік бол дәрісте.
Түкке тұрмас сөз үшін,
Достарыңмен керіспе.
Үлкен тілін ал, балам,
Сонда аттайды алға адам.
Оңға қадам баспайды,
Үлкен тілін алмаған.
«Қой» десе атаң қоя сал,
«Қой» десе әжең қоя сал.
Болам десең ақылды,
Бір шыны асқа тоя сал.
Алды-артында тамақтың,
Бет сипай ғой, қанаттым.
Сөйтсең, балам, боласың,
Ішінде әркез санаттың.
Ұйқышылдық құрғырың,
Бойыңдағы бір мінің.
Ырыздығың молайар,
Күннен бұрын тұр, күнім!
Түнде жатып оң жақпен,
Тұруың шат оң жақпен.
Айтқан сөзді ұқпайтын,
Емессің ғой оңғақ сен.
Оңнан киіп киімді,
Солдан шешкен сиымды.
Оң аяқпен үйге еніп,
Солмен шыққан тиімді...
Бұл деу емес: «ойнама»,
Ойынға тек бойлама.
Жүр, құлыным, қашанда,
Бала болсаң да ойлана.
Біл, үрлемей ас-суын,
Іш оң қолмен, жас буын.
Оқудан тыс бұларды,
Білу дағы басты ұғым.
Сөзімнің жоқ шаласы,
Ойымның жоқ аласы.
Ойлы болар туа да-ақ,
Өсер елдің баласы.
Тек ұмтылып «білсемге»,
Ойланып күл күлсең де.
Бала Абай секілді,
Жақын боу шарт үлкенге.
Керек таң боп атуың,
Балам, алда әлі асуың...
Саны аз жұртта, жері кең,
Керек онға татуың!
Бұлар талабы ескінің,
Бұлар ісі естінің.
Бұларды әзір істемей,
Ер болмассың ешбірің.
Бұлар талабы өткеннің,
Ақиқатты өпкеннің.
Бағы жанбас бұларды,
Аяқ асты еткеннің!
Біліп жүрсең бұларды,
Боп өсерсің ұл арлы.
Айналарсың жеріңнің,
Қожасына құнарлы!
Деме өзіңді «сәбимін»,
Білері көп сәбидің.
Сүреді адам өмірін,
Білгенімен сәби күн.
Мән бер, балам, сөзіме,
Тура қара көзіме.
Он жаста елі тоқтаған,
Бала бидің сөзіне...
Оқымаған ол тіпті,
Кемшілігі мол тіпті...
Ол айтқан шын билікке,
Қалың елі толқыпты.
Сендей шақта жасы анық,
Ел-жұртынан бата алып,
Аты қапты аңыз боп,
«Бала би» деп аталып.
«Бала биім» – құлыным,
Бағыңды ашып ғылымың,
Өсиетімді екі етпей,
Бірі боп өс «ұлының»!
Батам осы беретін,
Қызығыңды ет көретін.
Сеніп саған артыңнан,
Халқың болсын еретін!
Астам әсте болмағын,
Астамдық ол солмағың.
Боп өспесең мұралды,
Кетер ұшып қолдағың.
Берік боп өс сенімге,
Барлық бақыт сенімде.
Берік болсаң сенімге,
Бақтағаның сенің де!
Сөйт-сөйт, балам, сөйте ғой!